Қазақы тазы Кербез Италия чемпионы атанды
Кербез атты қазақы тазы Италияда өткен беделді кинологиялық көрмелердің бірінде Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, халықаралық деңгейдегі үлкен жетістікке жетті. Байқау қорытындысы бойынша ол Италия чемпионы атағын жеңіп алып, ұлттық тұқымның әлемдік аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қорына сілтеме жасап.
«NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қорының мәліметінше, бұл жеңіс Кербездің иелері мен оны халықаралық жарысқа дайындаған команданың ғана жетістігі емес, сондай-ақ қазақы тазын елімізден тыс жерлерде кеңінен насихаттауға қосылған маңызды үлес болып табылады.
«Осындай әрбір жетістік ұлттық тұқымымыздың әлемдік кинологиялық аренадағы танымалдығы мен беделін арттыра түседі. Кербезді мақтан тұтамыз және қазақы тазын сақтауға, дамытуға әрі насихаттауға күш-жігерін салып жүрген барша жанды құттықтаймыз», – делінген қордың хабарламасында.
Қазақы тазы қазақ халқының мәдени және тарихи мұрасының ажырамас бөлігі саналатын ең көне аңшылық ит тұқымдарының бірі болып есептеледі. Бұл тұқым өкілдерінің халықаралық деңгейдегі жеңістері оның әлемдегі кинолог мамандар мен итсүйер қауым арасындағы беделін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазақстанда қазақы тазын сақтау және дамыту бағытындағы жұмыстар мемлекеттік және қоғамдық деңгейде жүргізіліп келеді. Ал отандық иттердің халықаралық көрмелердегі жетістіктері ұлттық тұқымның әлемдік деңгейде кеңінен танылуына жол ашатын маңызды қадамдардың бірі саналады.