Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 827,8 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2%-ға артық. Өткен жылдың осы кезеңінде 661,0 мың тонна өнім өндірілген. Осылайша, өндіріс көлемі 166,8 мың тоннаға өсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Өсімдік майының негізгі өндіріс көлемі Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі.
Биыл қаңтар-тамыз айларында өсімдік майының экспорты 704,7 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,7%-ға артық. Экспорттың оң динамикасы байқалды.
Осы кезеңде өсімдік майының импорты 128,3 мың тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға азайды.
Сондай-ақ ішкі нарықта 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында 176,9 мың тонна өсімдік майы сатылды.
Еске салсақ, биыл елімізде 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл — соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.