Щучинскідегі өрт: Апелляциялық сатыдағы сот кінәлілерге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Щучинскідегі өрт: Апелляциялық сатыдағы сот кінәлілерге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды
фото: Оңалхан Өнерхан

Ақмола облысының соты дәмханада болған өртке кінәлі тұлғаларға қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz  облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық соттың сот алқасында абайсызда адамдардың өліміне, адамдардың денсаулығына ауыр зиян келтіруге және ауыр зардаптарға әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін кафе басшысы М.-ға қатысты (ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігі), сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсетіп, абайсызда адамдардың өліміне және адамдардың денсаулығына зиян келтіргені үшін Д. және «Шерол 2017» ЖШС директоры С.-ға қатысты (ҚК-нің 306-бабының 3-бөлігі) қылмыстық іс қаралды.

«Бірінші сатыдағы соттың үкімімен М., Д. және С. Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі және 306-бабының 3-бөлігінде көзделген, абайсызда жасалған орташа ауырлықтағы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен М. мен С.-ға 7 жылдан бас бостандығынан айыру, ал Д.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап қоюлары ішінара қанағаттандырылды.

Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің мәнін өзгертпей, оның сипаттау бөлігіне жәбірленушілердің денсаулығына келтірілген зиянның тұжырымын нақтылауға қатысты редакциялық сипаттағы түзету енгізіп, бірінші сатыдағы соттың үкімін жалпы алғанда өзгеріссіз қалдырды», делінген хабарламада.

Сотта Щучинск қаласындағы дәмхананың иесі М.-ның қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орнында газ баллонын дұрыс пайдаланбаған, оларды жылыту радиаторына жақын жерде сақтаған, сондай-ақ қызметкерлер мен газ жабдығын пайдалануға жауапты тұлғаларға тиісті нұсқау жүргізбеген.

Ал, Д. газды сату және жеткізу қызметімен айналысуға құқығы болмаса да, дәмханаға газ баллондарын бақылаусыз жеткізіп отырған. 25 ақпанда ол екі газ баллонын жеткізген. Кейін олардың бірі рұқсат етілген мөлшерден артық толтырылуына байланысты жарылған.

С. автогаз құю стансасының директоры бола отырып, тиісті құжаттамасы, жабдықтары, баллондардың толтырылу деңгейін бақылауға арналған өлшеу аспабы, арнайы оқытылған қызметкерлері және өзге де міндетті талаптар орындалмай тұрмыстық газ баллонын газбен толтырып, сатуға жол берген.

Газ баллонының шамадан тыс толтырылуы және дәмхана ішінде жылыту радиаторының жанында сақталуы салдарынан газ қызып, баллон ішіндегі қысым жоғарылаған. Нәтижесінде баллонның қабырғасы жарылып, өрт шыққан.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Естеріңізге сала кетейік, 26 ақпанда Щучинк қаласындағы дәмханада газ баллоны жарылып, арты өртке ұласқан қайғылы оқиға болды. Салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дене жарақатын алды. Ғимараттың иесі С.-ға 19 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Оқиғаны тергеуге ведомствоаралық комиссия құрылды. Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал дәмхананың иесі қамауға алынды.