Щучинскідегі дәмханада болған жарылыстан 7 адам қаза тапты
Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы ТЖД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына 5 минут ішінде өрт сөндірушілер келіп жетіп, олар жанған ғимараттан 8 газ баллонын алып шықты және 10-нан астам адамды құтқарды. Өрт толығымен сөндірілді. Құтқарушылар ғимараттың қирандыларын аршып жатыр.
Ақмола облысы әкімдігінің дерегінше, жарылыстан барлығы 26 адам зардап шекті, оның ішінде: 7 адам қаза тапты (оның бірі – 16 жастағы қыз). 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына жатқызылды. 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді.

ТЖД мәліметінше, бес адам ТЖМ реанимобилімен Көкшетау қаласына жеткізілген. Тағы екі науқасты тасымалдау жоспарланған.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Облыс әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.
«Щучинск қаласының стационарына күйіктің әртүрлі дәрежесімен 13 науқас түсті. Қазіргі уақытта 6 науқасты Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындық жүргізілуде. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан медициналық мамандар тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келді», - деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова.



