Щучинск қаласындағы оқиғаны тергеуге ведомствоаралық комиссия құрылды

Щучинск қаласындағы оқиғаны тергеуге ведомствоаралық комиссия құрылды
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше оқиғаның себептерін анықтау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссияға ТЖМ басшысы төрағалық етеді. Оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет, Сауда және интеграция министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

Комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етіп, осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қажетті алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды.

Ақмола облысының әкімдігіне қайтыс болған адамдарды жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсету тапсырылды.

Еске салсақ, кеше түнде Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шықты. Жарылыстан 28 адам зардап шекті, олардың 13-і ауруханаға жатқызылды, 8-і медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қайтыс болды. Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды.