ТЖМ ескертеді: Қуаттағыш құрылғылар өртке себеп болуы мүмкін

ТЖМ ескертеді: Қуаттағыш құрылғылар өртке себеп болуы мүмкін
Фото: magnific.com

ТЖМ зарядталып жатқан құрылғыларды қараусыз қалдырмауға, ұйықтап жатқан кезде түнде зарядтамауға, телефондар мен басқа да гаджеттерді жұмсақ жиһаздың үстінде немесе жастықтың астында қуаттамауға кеңес береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылғыны қуаттауға қойып, қауіпті ештеңесі жоқ деп ұзақ уақытқа қараусыз қалдыруға болмайды. Алайда дәл осы кезде құрылғы қызып кетуі мүмкін. Зақымдалған кабель, ақаулы зарядтағыш немесе қызған аккумулятор қысқа тұйықталуға және өртке әкелуі ықтимал.

«Құрылғыларды төсекке, диванға, жастыққа немесе көрпенің астына қойып қуаттау әсіресе қауіпті. Жұмсақ жер жылудың таралуына кедергі келтіреді, ал құрылғының қызып кетуі өрт шығу қаупін арттырады. Құрылғы әдеттен тыс қатты қызса, жағымсыз иіс шықса, түтін пайда болса, сықырлаған дыбыс естілсе немесе корпусы деформацияланса зарядтауды дереу тоқтату қажет. Ақаулы құрылғыны пайдаланбаңыз. Аккумулятор қызса немесе құрылғы зақымданса, оны қайта қуаттауға әрекет жасамаңыз», делінген ескертуде.

Төтеншеліктердің айтуынша, құрылғыны пайдаланғаннан кейін зарядтағышты электр желісінен ажырату қажет. Сонымен қатар розетканың, ток сымының және электр құрылғысының жарамдылығын тексеріп, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсірмеу керек.

«Зарядтағыш құрылғының немесе розетканың қатты қызуы, ұшқынның пайда болуы, күйген пластмасса немесе резеңке иісінің шығуы, күйеның байқалуы электр жабдықтың ақаулы екенін білдіреді. Мұндай белгі байқалған жағдайда құрылғыны пайдалануды дереу тоқтатып, электр желісінен ажырату қажет.

Түтін пайда болған немесе өрт шыққан жағдайда, қауіпсіз болса, құрылғыны электр желісінен ажыратып, 101 немесе 112 нөмірі бойынша өрт сөндіру қызметіне хабарлау және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау қажет. Өртті өздігінен сөндіруге тек бастапқы кезеңде және өмір мен денсаулыққа қауіп төнбеген жағдайда ғана әрекет жасауға болады», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Атырауда Sulpak дүкенінің қазандығында жарылыс болды.