Астанада екінші әуежайдың орны анықталды деген ақпарат жалған - әкімдік
Бұқаралық ақпарат құралдарында Астанада екінші әуежайдың орналасатын орны анықталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Тараған ақпаратта көрсетілген «елорданың солтүстік-батыс бағытында - Шортанды кенті бағытына қарай, Астана - Көкшетау тасжолының бойындағы аумақ» Астана қаласының әкімшілік шекарасына кірмейді. Осыған байланысты аталған аумақ екінші әуежайдың орны ретінде Астананың Бас жоспарында қарастырылуы мүмкін емес.
«Бүгінгі күні екінші әуежайдың нақты орналасатын орны бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Астана қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу аясында тек ықтимал перспективалық бағыттар ғана қарастырылуда», деп хабаралады Астана әкімдігі.
Сондай-ақ «2035 жылға дейінгі Астана қаласының Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жобасы елорданың мәслихат депутаттарының мақұлдауынан соң Үкіметтің келісіміне жолданатын болады.
Осыған орай, Астана әкімдігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге және расталған ақпаратқа сүйенуге шақырды. Қосымша мәліметтер мен нақты ақпаратты «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінен алуға болады.
Еске салсақ, Астанадағы екі көшеге София мен Марко Поло атауын беру ұсынылды.