Суға шомылу маусымы: еліміздің су айдындарында бақылау күшейтілді

Суға шомылу маусымы: еліміздің су айдындарында бақылау күшейтілді
Фото: ТЖМ

Қазақстанда шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ мәліметінше, еліміздің барлық өңірінде жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтер, патрульдеу шаралары, оқыту акциялары мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жамбыл облысында құтқарушылар прокуратура, жергілікті атқарушы органдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп, Тараз қаласының су айдындарында рейд ұйымдастырды. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, тыйым салу белгілерінің жағдайы тексерілді. Сонымен қатар «Зербұлақ» демалыс аймағында суға батып бара жатқан адамды құтқару және алғашқы көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді.

Түркістан облысында туристік полиция, шекара қызметі, Ұлттық ұлан сарбаздары, волонтерлер мен құтқарушылардың қатысуымен бірлескен патрульдеу жұмыстары жүргізілді. Демалушыларға арнайы жадынамалар таратылып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.

Ал Шымкент қаласындағы «Рахат-Бадам» демалыс аймағында ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды. Мамандар азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйінде суға түспеу және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі жөнінде кеңес берді.

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында маусымдық құтқару бекеті жұмысын бастады. Мұнда жаз бойы құтқарушылар, өрт сөндірушілер және әскери қызметшілер кезекшілік атқарады. Бекет қажетті техникамен, жүзу құралдарымен қамтамасыз етілген. Жағалауды бақылау катерлер мен гидроциклдердің көмегімен жүзеге асырылады.

Алматы облысында су айдындарында күн сайын күндіз де, түнде де профилактикалық рейдтер жүргізіліп жатыр. Қапшағай су қоймасы мен Көлсай көлдеріне ерекше бақылау қойылған. Рейдтер барысында квадроциклдер, дрондар және кинологиялық топтар пайдаланылады.

ТЖМ мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы Алматы облысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 43 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ қажетті құжаттары жоқ бес шағын көлемді кеме арнайы тұраққа қойылды.

Ведомство азаматтарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға, балаларды үнемі бақылауда ұстауға және су айдындарында қауіпті әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Құтқарушылардың айтуынша, сақтық шараларын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы болып қала береді.

Бұған дейін суға батып бара жатқан адамды қалай құтқаруға болатыны жайлы жаздық.