Маман пікірі: Жүйкенің саулығын сақтаудың ең тиімді жолы – ішімдіктен толық бас тарту

Маман пікірі: Жүйкенің саулығын сақтаудың ең тиімді жолы – ішімдіктен толық бас тарту
Фото: magnific.com

Астана қаласы әкімдігіне қарасты №13 қалалық емхананың мамандандырылған бөлімінің ересектер невропатолог дәрігері Ару Кеңесбек Elordainfo.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында маскүнемдік жүйке жүйесіне қалай әсер ететіні, салдары қандай екендігі және оның алдын алу жолдары туралы айтты.

- Көп адам алкоголь ең алдымен бауырға зиян деп ойлайды. Ару Бақытжанқызы ішімдік жүйке жүйесіне қандай зардабы бар?

- Алкогольдің жүйке жүйесіне тигізетін ең қауіпті әсері – ми жасушаларының зақымдануы және нейрондар арасындағы байланыстың бұзылуы. Алкоголь орталық жүйке жүйесінің жұмысын баяулатып, ми қызметіне тікелей әсер етеді. Ұзақ уақыт бойы алкогольді тұрақты пайдалану есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, ойлау жылдамдығының баяулауына, қозғалыс үйлесімінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Ауыр жағдайда алкогольдік энцефалопатия сияқты күрделі аурулар дамып, адамның күнделікті өмір сүру сапасы төмендейді. Сонымен қатар алкоголь инсульт қаупін арттырып, мидағы қан айналымының бұзылуына себепші болуы мүмкін.

- Ішімдікті ұзақ уақыт тұтынған адамның миында қандай өзгерістер болады және кейін ол қалпына келе ме?

- Ішімдікке ұзақ салыну мидың құрылымы мен қызметіне айтарлықтай зиян келтіреді. Ғылыми зерттеулер ми көлемінің кішіреюін, нейрондар арасындағы байланыстың әлсіреуін және когнитивтік функциялардың төмендеуін көрсетеді. Соның салдарынан адамның есте сақтау қабілеті, зейіні және жаңа ақпаратты қабылдау мүмкіндігі нашарлайды. Егер адам алкогольден толықтай бас тартса, мидың кейбірі тұсы уақыт өте келе қалпына келуі мүмкін. Дегенмен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ауыр зақымданудың бір бөлігі қайтымсыз болып қалуы ықтимал.

- Ішімдік адамның мінезін, көңіл-күйін және ойлау қабілетін қалай өзгертеді?

- Алкоголь мидың эмоцияларды, өзін-өзі бақылауды және мінез-құлықты реттейтін аймақтарына әсер етеді. Соның салдарынан адам ашушаң, агрессивті немесе керісінше шамадан тыс эмоционалды болуы мүмкін. Алкоголь әсерінде жүрген кезде адамның өз әрекеттерін бақылау қабілеті төмендеп, тәуекелге жиі барады. Уақыт өте келе шешім қабылдау қабілеті әлсіреп, сын тұрғысынан ойлау деңгейі төмендейді. Сонымен қатар есте сақтау мен зейіннің нашарлауы адамның оқуына, жұмысына және әлеуметтік қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді.

- Жастар арасында «аз мөлшерде ішудің зияны жоқ» деген пікір бар. Маман ретінде бұған не айтар едіңіз?

- Қазіргі ғылыми деректер алкогольдің толық қауіпсіз мөлшері жоқ екенін көрсетеді. Кез келген мөлшердегі алкоголь ағзаға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Әсіресе жастар үшін бұл өте маңызды мәселе, себебі олардың миы әлі толық қалыптасып үлгермеген. Алкоголь жасөспірімдердің есте сақтау қабілетіне, оқу үлгеріміне, эмоциялық тұрақтылығына және болашақтағы психикалық денсаулығына теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан «аз мөлшерде ішсе зиян жоқ» деген пікірдің ғылыми негізі жоқ деп айтуға болады.

- Маскүнемдік салдарынан жүйке жүйесі зақымданған науқастарда жиі кездесетін белгілер қандай?

- Алкогольдің жүйке жүйесіне зиян келтіргенін бірнеше белгілер арқылы байқауға болады. Ең жиі кездесетін белгінің қатарына қол-аяқтың ұюы мен шаншуы, бұлшықет әлсіздігі, тепе-теңдіктің бұзылуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі және ұйқы мәселелері жатады. Кейбір адамдарда мазасыздық, депрессия, көңіл күйдің тұрақсыздығы байқалады. Сонымен қатар когнитивтік функциялар әлсіреп, ақпаратты қабылдау мен өңдеу қиындайды. Ұзақ уақыт ішкілік пайдаланған адамда алкогольдік полинейропатия дамуы мүмкін.

- Өз тәжірибеңізде алкогольдің кесірінен ауыр неврологиялық мәселеге тап болған ерекше жағдай есіңізде қалды ма?

- Тәжірибеде алкогольді ұзақ уақыт пайдаланған адамдар арасында ауыр неврологиялық асқыну жиі кездеседі. Олардың қатарында алкогольдік полинейропатия, алкогольдік энцефалопатия және инсульт бар. Кейбір науқастар аяқ-қолының әлсіреуіне байланысты өздігінен жүріп-тұру қабілетін жоғалтып, ұзақ уақыт бойы оңалтудан өтуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайлар алкогольдің тек уақытша әсер ететін зиянды зат емес, адамның денсаулығына ұзақ мерзімді және ауыр зардаптар әкелетінін көрсетеді.

- Егер алкогольді тұтынатын адамдарға жүйке жүйесін сақтау үшін бір ғана маңызды кеңес беру керек болса, ол қандай кеңес болар еді?

- Жүйке жүйесінің саулығын сақтаудың ең тиімді жолы – алкогольден толықтай бас тарту. Сонымен қатар дұрыс өмір салтын ұстану өте маңызды. Күніне кемінде 7–8 сағат сапалы ұйықтау, дәрумендерге бай теңгерімді тамақтану, тұрақты дене белсенділігімен айналысу және стресті тиімді басқару жүйке жүйесінің қалыпты жұмысын қолдайды. Темекіден бас тарту және профилактикалық медициналық тексеруден уақытылы өтіп тұру да маңызды рөл атқарады. Осындай қарапайым, бірақ пайдалы әдеттер ми мен жүйке жүйесінің қызметін ұзақ жылдар бойы жақсы деңгейде сақтауға көмектеседі.

- Сұхбатыңызға рахмет!
 

Авторы: Альмира Қасқырбаева