BaiQymyz-2026 фестивалі: Қарқаралы қымызы бас жүлде алды
Қарқаралының қымызы еліміз бойынша ең үздік деп танылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысында өткен BaiQymyz-2026 фестивалінде еліміздің әр өңірінен келген 37 шаруашылық бақ сынады. Нәтижесінде Қарқаралы ауданының қымыз өндірушілері бас жүлде мен екінші орынға ие болды.

Финалға дейін қатысушылар қатаң іріктеуден өтті: мамандар сусынның сапасын зертханаларда тексеріп, шаруашылықтардың жұмысын бағалады. Жеңімпаздарды ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтады. Сонымен қатар, фестиваль қонақтары да өздеріне ұнаған қымызға дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

«Ең үздік қымыз» атағы мен 5 миллион теңгелік сертификат Қарқаралы ауданы Ақтерек ауылының өкілдері - ЖК Мұхамед-Әлидің «Қарқаралы Ақтерек» брендіне бұйырды.
— Еңбегіміз ақталды. Қымыз өндірумен ата-анам айналысқан, біз сол жолды 17 жылдан бері отбасымызбен жалғастырып келеміз. Бастаған кезде бір ғана биеміз болған еді. BaiQymyz — өте керемет жоба. Бұл тек алғашқы қадам деп ойлаймын. Алдағы жоспарымыз — халықаралық нарыққа шығу, - деді жеңімпаз Бұрхан Жолтаев.

Екінші орынды және 3 миллион теңгені Қарқаралы ауданы Тоқпан ауылынан «Тоқпан қымызы» бренді иеленді. Үшінші орын Ұлытау облысынан келген «Жаңаарқа қымызы» брендіне бұйырып, 1,5 миллион теңге табысталды. Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды.

Фестивальге жалпы 30 тонна қымыз әкелінді. Қонақтар ұлттық сусынның түрлі түрлерін тегін татып көріп, өздеріне ұнағанына дауыс бере алды. Сондай-ақ, фестиваль аясында этноауылдар жұмыс істеп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнершілер көрмелері және үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Додалар арасында тазы жарыстары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жарысқа Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Астанадан келген ең жүйрік әрі төзімді 25 тазы қатысты. Бас жүлдені Ақмола облысынан келген Аққұс атты тазы жеңіп алды. Екі жастағы иттің бірнеше жетістігі мен марапаттары бар.
— Тазы өсірумен бұрын әкем айналысқан, сол кісіден және туыстарымнан осы сүйіспеншілік дарыған. Менің тазым өте ақылды әрі жылдам. Бұл жарысқа жеңіске жетемін деген ниетпен келдім. Бәрі ойдағыдай болды, бәсеке өте күшті болды, - деді тазы иесі Бірлік Уәлиев.

Фестиваль қазақтың дәстүрі, қонақжайлығы мен ұлттық мәдениетінің нағыз мерекесіне айналды. Бір күннің ішінде оны 20 мыңнан астам адам тамашалады. Келушілер санының көп болуына байланысты Қарағандыдан арнайы тегін автобустар саны төрттен алтыға дейін көбейтілді.

Ұйымдастырушылар BaiQymyz фестивалі республикалық мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне еніп, жыл сайын өткізілмек екенін айтты.

