Астанада «Өзіңнен баста» жобасының жаңа маусымы ресми түрде басталды
Астанада жыл сайынғы әлеуметтік-спорттық «Өзіңнен баста» жобасының жаңа маусымы ресми түрде ашылды. Жобаның мақсаты –қала тұрғындары мен қонақтары үшін салауатты өмір салтын қолжетімді ету, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жобаның салтанатты ашылу рәсімі «Арқар» көпірінің астындағы Триатлон паркінде өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба толықтай әлеуметтік бағытта жүзеге асырылады. Ашық аспан астындағы жаттығулар жасына, дене дайындығына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлық ниет білдірушілер үшін тегін өткізіледі. Спорттық марафон тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Биыл жоба ауқымы едәуір кеңейіп отыр. Енді спорттық қозғалыс елорданың жаңа аудандарын да қамтиды.
«Құрметті достар, биыл сіздер үшін ашық аспан астында екі жерде тегін жаттығулар ұйымдастырамыз. Оның бір орыны – баршаңыз жақсы білетін Триатлон паркі. Соңғы төрт жыл бойы дәл осы жерде барлық ниет білдірушілерге тегін жаттығу өткізіп келеміз. Осы уақыт ішінде біздің жаттығуларымызға 15 мыңнан астам адам қатысты. Бүгін Астана қаласындағы екінші алаңның, Ботаникалық бақтың ресми ашылуын жариялаймыз. Жаңа алаң – елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа мүмкіндіктер», – деді Астана күрес федерациясының вице-президенті Василий Тахтай.
Сондай-ақ ол бұқаралық спортты қаланың басты алаңдарында дамытуға мүмкіндік жасап, жан-жақты қолдау көрсеткен елорда әкімдігіне алғысын білдірді.

«Өзіңнен баста» жобасы бүгінде Астана жазының өзіндік брендіне айналды. Қала тұрғындары оны білікті жаттықтырушылар құрамы, достық атмосферасы және спорттық бағыттардың алуан түрлілігі үшін жоғары бағалайды.
Бұдан бұрын танымал спортшы Василий Тахтайдың балалық шағы туралы естелігін жариялаған едік.