28.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Өгей әкем нашақор болды»: танымал спортшы Василий Тахтай балалық шағы туралы айтты

|
Photo: Видеодан алынған скрин
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Өгей әкем нашақор болды»: танымал спортшы Василий Тахтай балалық шағы туралы айтты

|
Photo: Видеодан алынған скрин

ММА бойынша әлем чемпионы Василий Тахтайдың 9 жасында әкесі кісі қолынан қаза тауып, өгей әкесі есірткіге тәуелді болған. Бала кезіндегі қиындықтары туралы спортшы Астанада өткен «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» республикалық жастар форумында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мен жекпе-жек спортының 5 түрі бойынша 5 дүркін әлем чемпионымын. Кәсіби спортта әзірге бірде-бір жеңілісім жоқ. Өмірімде спортшы, жаттықтырушы, әке, жетекші ретінде біршама мақсатыма жеттім. Бірақ бала күнімде әрдайым жарқын сәттер болды деп айта алмаймын. Бұл ретте сіздерге өзімнің балалық шағым туралы айтсам деп тұрмын. Мен Астанада туып-өстім. Балалық шағым «Лесозаводта» (қазіргі «Өндіріс» тұрғын алабы – ред.) өтті. 9 жасыма дейін бәрі жақсы болды. Өйткені әкем тірі еді. 9 жасымда әкем кісі қолынан көз жұмды. Одан кейін өгей әкем пайда болды. Ол есірткіге тәуелді нашақор еді. Тіпті оның өз-өзіне екпе жасайтынын көріп жүрдім. Бала болғандықтан, онысын қалыпты нәрсе, барлық отбасында да солай шығар деп ойладым», - деді Василий Тахтай 1300-ге жуық адам қатысқан «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» форумында.

Фото: Ришат Иркабаев

Сонымен қатар спортшы өгей әкесінің кесірінен отбасында қандай қиындықтар болғанын еске алды.

«Ол кезде 11 жаста едім. Бір күні түнгі сағат 3-тер кезінде еңгезердей ер адамдар үйге басып кіріп, құнды заттарды іздей бастады. Өгей әкем қашып кетті. Аяғы ауыр анамды қорғайын деп жүгіріп пышақ іздедім. Бірақ таппадым. Өгей әкем есірткінің кесірінен бізге жамандық жасамасын деп анам үнемі пышақты тығып қоятын. Сол кезде өзім үшін ғана емес, анам мен қарындасымды қорғау үшін де жауапкершілікті өз қолыма алуым керектігін түсіндім. Өйткені ол кезде полицияға аса сенім жоқ еді. Өгей әкемнің үстінен арызданса, полиция оны 3 сағаттан кейін босатып жіберетінін анам білгендіктен, олай істемейтін. Олай істесе, жағдай тіптен ушығатын еді. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша заң қатаң күшіне енген», - деп жалғастырды ол.

17 жасқа толып, күші мен психологиялық жағынан жетілген соң, ол көп еңбектенгенін, түрлі жерде қара жұмысшы болып жұмыс істегенін айтты.

«Жұмыспен қатар спорттан да қол үзбедім. Бала күнімде өгей әкемді көргім келмей, үйден шығып, спортзалға кетіп қалатынмын. Өйткені оның айналасындағы достары үйге келсе, бірдеңе алып кеткісі келіп тұратын. Алайда оларға қажетті бағалы заттар бәрібір үйде жоқ еді. Өзіміз 15 шаршы метрлік шағын үйде тұрдық. Балалық шағым сондай жағдайда өтті. Көп уақытымды спортзалда өткізуге тырыстым. Спортты әрдайым серік еттім. Соның арқасында көп достар таптым. Әрине, көп спортшының арасынан жүзден бірі ғана чемпион болуы мүмкін. Дегенмен спортзал бүгінгі тілмен айтсақ, нетворкинг сияқты. Бірге жаттығатын достардың мүддесі де, мақсаты да ортақ. Бәрі бір мақсат қояды. Сол бойынша жүреді. Айналам сондай адамдарға толы болды. Жарыстарда бағымды сынап, чемпион болдым», - деді астаналық спортшы.

Василий Тахтай MMA кәсіби жауынгері, панкратион мен джиу-джитсудан бірнеше дүркін әлем, Азия және Еуразия чемпионы, Қазақстанның спорт шебері. Apems Éklore School of Management (Франция) бірлесіп іске асыратын EMBA Sport Management қос дипломды бағдарламасының қатысушысы болды.

Естеріңізге салсақ, былтыр қарашада Василий Тахтай ММА-да өзінің оныншы жеңісіне қол жеткізген болатын. Астанада өткен Dala FC бірінші турнирінің басты жекпе-жегінде Таиландтың атынан шыққан UFC-дің бұрынғы танымал жауынгері америкалық Уилл Чопты 40 секунд ішінде нокаутқа жіберді. Тахтай ММА-ға үшжылдық үзілістен кейін оралған болатын.

Танымал спортшы елордадағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Астана – есірткісіз қала» акциясында студенттермен кездескен спортшылар қатарында Василий Тахтай да болды.

Сонымен қатар Василий Тахтай үш жылдан бері елордадағы саябақта «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында кез келген ниет білдірушілерге бейімделген «Өзіңнен баста» атты дене шынықтыру бойынша сауықтыру сабағын өткізіп келеді.

Бұған дейін «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» форумында сарапшының смартфонды қалай қауіпсіз пайдалану керектігі жөнінде айтқанын жаздық

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗