«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің бірлесіп ұйымдастыруымен елордада «Заң және тәртіп» акциясы мен «Jargyn Bolashaq» жобасы аясында «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» атты ауқымды форум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Лудоманияның алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған іс-шараға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері, танымал блогерлер мен медиа тұлғалар, спортшылар, әртістер және студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Форум барысында спикерлер цифрлық қауіпсіздік, интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, дипфейктер, «жеңіл табыс» қаупі және жастарды қаржылық қылмыстарға тарту схемалары тақырыптарына арналған практикалық дәрістер өткізді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басқармасының басшысы Медет Несіпбектің мәліметінше, жыл басынан бері интернет алаяқтыққа байланысты Қазақстанда 40-тан аса қылмыстық іс қозғалған. Мұндай қылмыс түрлері әлем елдері бойынша 2019 жылдан бері 500 пайызға артып, биылдың өзінде алаяқтар 200 млн АҚШ долларын жымқырған.

Медет Несіпбек смартфон пинкодына күрделі 6 санды қоюға кеңес берді.
Спикерлер бейтаныс адамдардан, белгісіз сілтемелерден барынша сақ болып, алаяқтардың құрығына түсіп қалмау жөнінде бірнеше лайфхак көрсетті.

«Дипфэйк: цифрлық алдаудың жаңа шындығы» тақырыбында дәріс оқыған ҚМА превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басшысының орынбасары Андрей Давыдовтың айтуынша, жақыныңызға танысыңыздың атынан дауыстық хабарлама жолдау үшін алаяқтарға сол адамның 30 секундтық даусы жеткілікті.
«Егер жақыныңыз сізден дауыстық хабарлама арқылы қаржылай көмек сұраса, ең алдымен оның жеке телефон нөміріне қоңырау шалып, тексеріңіз. Себебі алаяқтарға дипфэйк үшін дауысыңыздың 30 секунды жеткілікті. Мысалы, сізге жақын туысыңыздан немесе анаңыздан дәріге немесе ота жасатуға қаражат сұраған дауыстық хабарлама келуі мүмкін. Сол кезде ақша жолдамас бұрын бірден қоңырау шалыңыз. Дипфэйкті шынайы дауыстан ажырату қиын болуы мүмкін. Алаяқтар тіпті «айналайын» деген сөзді де қолданып, жақыныңыздың дауыс ырғағын дәлме-дәл келтіру мүмкіндігі бар», - деді Андрей Давыдов.

Іс-шара барысында «Астана» КВН командасы мен «Патруль» сериалының актерлері өнер көрсетті.

Сонымен қатар ММА бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай табандылық пен табысқа жетудегі еңбек тақырыбында сөз сөйледі.
