Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласы Полиция департаменті мен университет бірлесіп ұйымдастырған «Астана – есірткісіз қала» атты маңызды профилактикалық акция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің дұрыс өмірлік ұстанымын қалыптастыру, есірткі қолдануға қарсы айқын көзқарас қалыптастыру, саналы, қауіпсіз және салауатты таңдау мәдениетін дамыту.
Бұл жайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында тоқталып, есірткі мәселесімен күресуге үндеген еді. Статистикаға назар аударсақ, 2025 жылдың мамыр айына дейін елімізде 1 445 есірткіге қарсы қылмыстық іс тіркелсе, оның 276-сы елордамызға тиесілі. Сондай-ақ Астана қаласында 891 адам арнайы диспансерлік тізімде тұр.
«Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін маңызды өмірлік бағдар – дұрыс құндылықтар мен саналы таңдау болуы тиіс. Елорда полициясы есірткі қатерінің кез келген көрінісіне дәйекті түрде қарсы тұрады. Бүгін мұнда еліміздің болашағын қалыптастыратын жастар жиналды. Бұл болашақ дұрыс, қауіпсіз әрі лайықты болуы керек. «Заң және тәртіп» – сіздердің саналы таңдауларыңызға айналуы қажет», - деді полиция подполковнигі Дамир Байбазаров.

Акцияға студенттермен қатар танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және пікір көшбасшылары қатысты. Олардың қатарында Ангелина Лукас, Илья Ильин, Василий Тахтай, Нұрсұлтан Әлиақбаров, Әли Ермағамбет, Русалина Молдахметова және Дамир Байбазаров бар. Қонақтардың жеке өмірлік тәжірибесі мен студенттермен ашық форматта әңгімелесуі жастар үшін қуатты ынталандырушы фактор болды.
«Есірткі сынды зиянды әдеттерге не үшін барады? Ол мақсаттың жоқтығынан. Сондықтан алдыңызға үлкен мақсат қойып, соған ұмтылуға тырысыңыз. Сол сәтте ғана әр күніңіз мән мен мағынаға толы болады. Ең бірінші кезекте ата-анаңызды ойлаңыз. Сіз соларға керексіз. Мемлекет те сіздің білім алуыңызға жағдай жасады. Сіз де өзіңіздің іс-әрекетіңізбен жақсылық жасауға тиіссіз», - деп ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин өзінің жалынды сөздерімен жастарды жігерлендірді.

Акция барысында студенттер тақырыптық бейнероликтер тамашалап, нарколог-дәрігердің дәрісіне қатысты. Шақырылған спикерлермен еркін пікір алмасып, Кинологиялық қызмет орталығы мен полицияның Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қару-жарағы мен кәсіби дағдыларын қамтыған көрсетілімдерін тамашалады.
Жыл басынан бері елорда полицейлері мектеп оқушыларын, студенттерді, жас спортшыларды, волонтерлерді, жастар бірлестіктерінің қатысушыларын қамти отырып, 600-ден астам профилактикалық кездесу өткізді.
«Астана жастары» ұйымымен бірлесіп өткізілген акциялар аясында жастардың қатысуымен 2 500-ден астам есірткі жарнамасы салынған граффити боялып, есірткі туралы ақпарат тарататын сайттар анықталып, бұғатталды.
Елорда жастары профилактикалық жұмысқа белсенді түрде тартылып, салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын таңдауға дайын екенін көрсетіп отыр.
Акция – полиция, білім беру ұйымдары, кәсіби қауымдастық және медиа тұлғалардың күш біріктіруі жастардың дұрыс құндылықтарын қалыптастыруда, құқықтық сананы нығайтуда және жас ұрпақтың жауапкершілігін арттыруда шешуші рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.