Смартфон құлпын ашқанда биометрия мен саусақ іздерін пайдаланғаннан гөрі PIN код теру арқылы қолданған анағұрлым қауіпсіз. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басқармасының басшысы Медет Несіпбек Астанада өткен «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» форумында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бірінші нұсқа – биометрия. Мұны смартфон пайдаланатындардың басым көпшілігі қолданады. Ыңғайлы, әрине. Екінші нұсқа саусақты сканерлеу арқылы ашатындар да аз емес. Алайда сіз ұйықтап жатқан кезде де бөгде адамдар бұл тәсілдерді қолданып, телефоныңызды еш қиындықсыз ашуы мүмкін. Үшінші нұсқа – PIN код. Бұл, әлбетте, ескіріп қалған тәсіл. Жастар жағы бұл тәсілді егде жастағы адамдар ғана пайдаланады деп ойлауы мүмкін. Бірақ ең қауіпсіздеу нұсқа осы. Қауіпсіздікті нығайту үшін құпия сөзді алты санға ауыстырыңыз. Ол неғұрлым күрделі болуы керек», - деді Медет Несіпбек.
Сонымен қатар ҚМА превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басқармасының басшысы смартфонды қашықтан басқару жөнінде де айтып өтті.
«Телефонды қашықтан басқару функциясы бар. Соны пайдалану керек. Егер смартфоныңыз жоғалып қалса, сол функцияның көмегімен қашықтан құлыптай аласыз. Смартфондағы барлық деректі өшіре аласыз. Тіпті дыбыссыз режимде тұрса да оны қатты дыбысқа ауыстыруға болады», - деді ол.
Оның сөзінше, мобильді қосымшаларды пайдаланғанда рұқсат беру командасын орындамау керек. Ондайда алаяқтардың құрығына түсіп қалу қаупі жоғары.
Сондай-ақ Медет Несіпбек бөтен жердегі бейтаныс Wi-Fi желісіне қосылмауға кеңес берді. Сарапшының сөзінше, алаяқтар ұсынған Wi-Fi желісі жеке деректерге қол жеткізудің бір тәсілі болуы мүмкін. Ол үшін 5-10 минут уақыт жеткілікті көрінеді.
Бұған дейін «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің бірлесіп ұйымдастыруымен елордада «Заң және тәртіп» акциясы мен «Jargyn Bolashaq» жобасы аясында «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» атты ауқымды форум өткенін жаздық.