Астанада өткен бәйге жеңімпазы пәтер ұтып алды
Астана маңындағы «Қазанат» атшабарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мен Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылған республикалық бәйге жарысы аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген 50-ге жуық таңдаулы тұлпар мен тәжірибелі шабандоз қатысып, «Құнан», «Топ» және «Аламан» бәйгелері бойынша бақ сынады. Ұлттық спорт мерекесін тамашалауға 8500-ден астам көрермен жиналды.

Жарыс қорытындысы бойынша «Құнан» бәйгесінде Алматы облысы Балқаш ауданының өкілі Мерей Гарипулиннің «Бақторы» тұлпары жеңімпаз атанды. Екінші орынды Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Алтынбек Жантөренің «Тауқасқасы» иеленсе, үшінші орын Астана қаласының өкілі Лесбек Дамирдің «Нұршашу» тұлпарына бұйырды.

«Топ» бәйгесінде де Алматы облысы Балқаш ауданынан келген Мерей Гарипулиннің «Қарағашы» топ жарды. Екінші орынды астаналық Лесбек Дамирдің «Ақкөзі» иеленсе, үздік үштікті тағы бір астаналық, Кемекбай Бекалының, «Бақкелді» тұлпары түйіндеді.

Ал ең тартысты өткен 25 шақырымдық «Аламан» бәйгеде Алматы облысының намысын қорғаған Әлижан Мансұр тізгіндеген «Бүркіт» мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Павлодар облысы Баянауыл ауданынан келген Бекбатыр Нұрасылдың «Айманы» иеленсе, үшінші орын Алматы облысы Балқаш ауданының өкілі Мерей Гарипулиннің «Шалқұйрығына» бұйырды.

Жарыстан кейін жеңімпаз шабандоз Әлижан Мансұр өз әсерін бөлісті.
«Мәреге екі айналым қалған кезде ұтатынымды сездім. Бұған дейін Nomad Arena-да өткен бәйгеде ұттым. Жеңісімді әуелі Аллаға, екінші ат иесі Ұлан ағама арнаймын», – деп атап өтті шабандоз.
Өз кезегінде Әлижан Мансұрдың бапкері Әділет Ноқатай бұл жеңістің ұзақ дайындықтың нәтижесі екенін айтты.
«Бүгінгі бәйге керемет өтті. Әсерлі, өте тартысты бәйге болды. Астанада бәйге болады дегеннен кейін атымызды дайындап, үмітпен келдік. Осыдан бір апта бұрын Алматы қаласында жаңадан ашылған Nomad Arena атшабарында бірінші орын алып, Kia K5 автокөлігін ұтып алған едік. Араға бір апта салып, Астананың төріне келіп, үй ұтып алып жатырмыз», – деді ол.
Бапкердің айтуынша, жүйелі дайындық пен команда мүшелерінің ауызбіршілігі жеңіске жол ашқан.
«Атымызды жаңа жыл басталғаннан кейін, қыс мезгілінде мініп, үйрете бастаймыз. Шамамен төрт-бес айда, мамыр айына қарай толық дайын болады. Әлижан – жаңадан шауып жүрген шабандоз. Маған жұмысқа келіп, биыл оны қолға алдым. Әлижанға сенімім мол. Ұлан Омаров дейтін жылқының иесі бар. Мен – бапкермін, Әлижан – шабандозымыз. Бәріміз бір ұжымбыз», – деп атап өтті Әділет Ноқатай.
Республикалық бәйге жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Республикалық бәйге федерациясы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы, NAK құрылыс компаниясы және қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.
Авторы: Мадина Ізекенова
Бұған дейін Астанада ұлттық спортты ұлықтаған дүбірлі бәйгенің ашылу салтанаты өтіп, алғашқы жеңімпаздары анықталғанын жаздық.