Астанада Республикалық бәйге өтіп жатыр

Бүгін, 19:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Республикалық бәйге өтіп жатыр
Фото: Василий Крась

Астана маңындағы «Қазанат» ипподромында Мемлекеттік рәміздер күні мен Құрбан айт мерекесіне орай республикалық бәйге жарысы өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұлттық спортты ұлықтауға арналған жарыстың салтанатты ашылу рәсімінен соң қатысушылар жарыс жолына шықты.

«Бүгін елордамыз – Астана төрінде, Сарыарқаның кең даласында дүбірлі бәйге ұйымдастырылып отыр. Турнирге еліміздің бүкіл өңірінен қатысушылар келіп, бақ сынамақ. Жалпы қазақ халқына бәйге мен ат – егіз ұғым. Бәйге десе ішкен асымызды жерге қойып, қызығушылық танытып отырамыз. Ата-бабадан қалған, ежелден келе жатқан керемет дәстүріміз, осындай іс-шаралар елімізде көп болсын. Мықты сәйгүліктеріміз жеңіске жетсін, бүгін бәйгені жақсылап тамашалаңыздар.

Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып атсалысып жатқан қала әкімдігіне, Республикалық бәйге федерациясына және арнайы “NAK” құрылыс компаниясының басшылығына алғыс білдіреміз. Осындай дүбірлі іс-шаралар тек Елорда емес, республика деңгейінде бола берсін», - деді «Креативті индустрияларды дамыту» корпоративтік қорының басқарушылар кеңесінің төрағасы, Астана қаласының ат спорты федерациясының президенті Ерлан Каналимов.

Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық таңдаулы тұлпар мен тәжірибелі шабандоз қатысты. Сәйгүліктер 9 шақырымдық «Құнан» бәйге, 16 шақырымдық «Топ» бәйге және 25 шақырымдық «Аламан» бәйге бойынша бақ сынады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйақылар, екі бірдей «Changan» автокөлігі және бір бөлмелі пәтер табысталды. Атап айтқанда, «Құнан» бәйгесі бойынша жүлде қоры 3 млн теңге, «Топ» бәйгесінің жеңімпазына автокөлік беріледі. Ең ұзақ қашықтық саналатын «Аламан» бәйгесінің жеңімпазы бір бөлмелі пәтерге ие болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс барысында жиналған қаражат толықтай қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады.

Ашылу рәсімінде Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов бәйгенің ұлттық спорт ретінде маңызы артып келе жатқанын айтты.

«Бүгін Астана қаласында ұлттық спорт түрі – бәйгеден Мемлекеттік рәміздер күні және Құрбан айт мерекесіне орай ат жарыс ұйымдастырылып отыр. Өздеріңізге белгілі, қазір ұлттық спорт түрлері елімізде қарқынды түрде даму үстінде. Былтыр Президентіміз Дене шынықтыру және спорт туралы заңға өзгерістерге қол қойып, осы спорт түрі ұлттық, басым спорт түріне енгізіліп, олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілген болатын.

Қазір түрлі жарыстар өткізіліп жатыр, соның бір дәлелі – бүгінгі бәйге. Жарысты ұйымдастыруға атсалысып жатқан “NAK” компаниясына, Бәйге федерациясына Туризм және спорт министрлігінің атынан алғыс айтамыз. Жарыста тек мықтылар жеңіске жетсін», - деді Аманбай Нұрмұханбетов.

Айта кетейік, республикалық бәйге жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Республикалық бәйге федерациясы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы, «NAK» құрылыс компаниясы және қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтуде.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бүгін кешке анықталатын болады.

Автор: Мадина Ізекенова