Нөсерден кейін жол батпаққа айналды: құтқарушылар Атырау маңында 57 адамды эвакуациялады

Нөсерден кейін жол батпаққа айналды: құтқарушылар Атырау маңында 57 адамды эвакуациялады
Коллаж: Elordainfo.kz / видео: ТЖМ

Атырау облысында табиғат аясында демалып қайтып келе жатқан ондаған адам қолайсыз ауа райының салдарынан жолда қалып қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, оқиға Алмалы ауылы маңында болған. Демалыс күнін табиғатта өткізген бірнеше отбасы кешкі уақытта үйлеріне қайтар жолда қатты нөсер жаңбырға тап болған.

Салдарынан Атырау қаласынан шамамен 7 шақырым жерде орналасқан топырақ жол лайсаңға айналып, бірнеше жеңіл автокөлік қозғалысын жалғастыра алмай қалған.

Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары арнайы техниканың көмегімен эвакуациялық жұмыстар жүргізді. Құтқару операциясы барысында 57 адам, оның ішінде 19 бала қауіпсіз жерге көшіріліп, Алмалы ауылына жеткізілді.

ТЖМ мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Ешкімге медициналық көмек қажет болмаған.

Осыған байланысты құтқарушылар азаматтарды табиғат аясына шығар алдында ауа райы болжамын мұқият қадағалауға, бағытты алдын ала жоспарлауға және жолдардың жағдайын нақтылап алуға шақырды.

Бұған дейін суға батып бара жатқан адамды қалай құтқаруға болатыны жайлы ТЖМ нұсқаулығын жариялаған болатынбыз.