Елорда балабақшасында «ЭкоLab» жобасы іске қосылды
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы мен «Жаңа аймақ» жобасы аясында №61 «Шолпан» балабақшасында ерекше «ЭкоLab» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жобаның басты жаңалығы — бүлдіршіндерге экологиялық тәрбие беруді жаңа деңгейге көтерген заманауи жылыжайдың ашылуы.
Бұл жылыжай — жай ғана өсімдік өсіретін орын емес, балалардың табиғат құпияларын өз қолымен танып-білетін нағыз жасыл зертхана. Мұнда бүлдіршіндер күнделікті өсімдіктердің өсуін бақылап, оларға күтім жасауды, суаруды және топырақты баптауды үйренуде. Осылайша, балабақша қабырғасынан бастап еңбекқорлық пен экологиялық мәдениеттің іргетасы қалануда.

Жобаның маңызы мен алғашқы нәтижелері туралы толығырақ білу үшін балабақша ұжымы мен кішкентай зерттеушілерді сөзге тартқан едік.
«Мемлекетімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бізге үлкен серпін берді. Біз балаға экологиялық тәрбиені тек кітаптан көрсетіп немесе айтып қана қоймай, тәжірибе жүзінде көрсеткіміз келді. Осылайша «Жаңа аймақ» негізінде «ЭкоLab» жобасын құрдық. Жылыжай — осы жобаның жүрегі. Балалар мұнда дәнді сепкеннен бастап, алғашқы өскіннің шыққанына дейін өз көздерімен көреді. Бұл олардың бойында табиғатқа деген жанашырлықты, жауапкершілікті оятады. Жер ананы аялау бала кезден басталуы тиіс», - дейді балабақша меңгерушісі Әйгерім Ахмет.
Тәрбиешілер балалардың жобаға деген қызығушылығы жоғары екенін айтады.
«Балалардың қызығушылығында шек жоқ! Сабақтан тыс уақытта «Жылыжайға қашан барамыз?» деп асыға күтіп тұрады. Біз арнайы бақылау күнделігін жүргіземіз. Әр бала өзі еккен қызанақ, қияр немесе гүлдердің бойын өлшеп, суарып, күтім жасайды. Бұл тек экология емес, сонымен бірге баланың логикасын, математикалық ойлауын (бойын өлшеу арқылы) және ұсақ моторикасын дамытуға өте пайдалы», - тәрбиеші Гүлнар Ешкенова.

Ал балалардың қуанышында шек жоқ.
«Маған жылыжай өте ұнайды! Мен мұнда апаймен бірге гүл, қияр және қызанақ ектім. Оған күнде жылы су құямын, ол күнге қарап өседі. Өсімдіктер де тірі, оларға жылы сөз айту керек. Мен өскенде үлкен бағбан боламын!» - дейді тәрбиеленуші Мустафа.
№61 «Шолпан» балабақшасында ашылған «ЭкоLab» жылыжайы — өскелең ұрпақты еңбекке баулудың және «Таза Қазақстан» идеясын іс жүзінде асырудың үздік үлгісі. Балабақша ұжымы алдағы уақытта жылыжай аумағын кеңейтіп, балалардың өз қолдарымен өсірген алғашқы өнімдерінен дәруменді салаттар дайындауды жоспарлап отыр.
Табиғатты сүюді балабақшадан бастаған бүлдіршіндер ертең елінің нағыз жанашыр азаматы болып шығары сөзсіз.