Астанада цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігінде профилактикалық түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты – қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, жеке жинақтарды қорғау тәсілдері, кибергигиена қағидалары және киберқауіпсіздіктің негізгі талаптары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ «дроппер» ұғымы түсіндіріліп, мұндай заңсыз әрекеттерге қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік туралы айтылды.
Мамандар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тоқталып, банктік карталар мен шоттарды бөгде адамдардың пайдалануына беру, заңсыз қаржылық операцияларға қатысу немесе алаяқтық схемаларда делдал болудың құқықтық салдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сонымен қатар қатысушыларға интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері, жалған қоңыраулар мен хабарламаларды тану жолдары, жеке деректерді қорғау тетіктері және қаржылық қауіпсіздікті сақтау бойынша практикалық кеңестер ұсынылды.
Іс-шара аясында арнайы әзірленген слайдтар мен бейнематериалдар көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы киберқылмыстардың түрлері мен олардың алдын алу шаралары түсіндірілді. Қызметкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, цифрлық кеңістіктегі қауіптерден қорғану жөнінде пайдалы ақпаратпен танысты.
Мұндай профилактикалық кездесулер азаматтардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, киберқауіптер туралы хабардарлығын күшейтуге және интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Еске сала кетейік, ІІМ Қазақстан азаматтарын есірткі бизнесіне тартқан халықаралық топтарды әшкереледі.