Прокуратура: Ұлытау облысында инвестордың 55 млн теңгесі қайтарылды

Прокуратура: Ұлытау облысында инвестордың 55 млн теңгесі қайтарылды
Фото: magnific.com

Сәтбаев қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, жел электр стансасын салу жобасын жүзеге асырып жатқан «Mezgilder Qushteri» ЖШС-ның құқықтарын қорғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Компания 2025 жылдың шілде айынан бастап импортталған жабдықтар бойынша артық төленген қосылған құн салығын қайтару мәселесімен мемлекеттік кірістер органына бірнеше рет жүгінген.

Барлық қажетті құжатты ұсынғанына және қайта-қайта өтініш бергеніне қарамастан, мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған.

Салық кодексінің талаптарына сәйкес, салық берешегі болмаған жағдайда артық төленген сома салық төлеушінің өтініші негізінде заңда белгіленген мерзімде қайтарылуы тиіс.

Қала прокуратурасының прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде компанияға жалпы сомасы 55 млн теңге артық төленген салық төлемі қайтарылды.

Еске салсақ, Бас көлік прокуратурасы азаматтарды заңсыз сақталған қару-жарақті өз еркімен тапсыруға шақырды.