Елордада азық-түлік бағасы тұрақты: министр базарларды аралап шықты
Бүгін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астанадағы ірі сауда нысандарын аралады, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапары барысында министр «Алаш» және «Шарын» көтерме сауда базарларына, көкөніс қоймаларына және «Керуен жолы» базарындағы демалыс күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкеге барды.
Сапар барысында министр ірі көтерме жеткізушілермен, кәсіпкерлермен және базар әкімшіліктерімен кездесті. Кездесуде сауда инфрақұрылымын дамыту, кедендік рәсімдерден өту, фитосанитариялық бақылауды жетілдіру және азық-түлік өнімдерінің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Премьер-Министрдің сауда саласында тәртіп орнату және өнімсіз делдалдарды қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Бүгінде Үкімет тауар өткізу тізбектерінің ашықтығын арттыру және қосылған құн қалыптастырмайтын делдалдық схемаларды жою бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта өңірлердегі баға қалыптасуына елеулі ықпал ететін еліміздің 63 ірі базары айқындалды.
«Негізсіз үстемеақының әрбір теңгесі азаматтардың отбасылық бюджетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан тауар өткізу тізбектерінде тәртіп орнату тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар міндет. Базарлар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды буындардың бірі. Өйткені тұтынушылық сұраныстың едәуір бөлігі мен баға бағдарлары дәл осы жерде қалыптасады», – деді Арман Шаққалиев.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елордадағы баға тұрақты. Сонымен қатар жаз мезгілінде министрлік инфляциялық қысымды одан әрі төмендету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.
«Біз қала орталығында бірнеше жәрмеңке алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда қоймаларымыздағы өнімдер тұрғындарға тікелей сатылатын болады. Бұл тауардың көтерме жеткізушіден тұтынушыға дейінгі жолын қысқартып, делдалдық үстемеақыларды азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен бірлесіп мұндай сауда нүктелерін орналастыру орындары пысықталуда», – деді «Алаш» көтерме сауда базарының директоры Нұрлан Жұмеков.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемеақылары бойынша заңнама талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 76,8 млн теңгені құрайтын 2 463 әкімшілік қаулы шығарылды. Оның ішінде 1 628 қаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемеақысын асыру фактілеріне қатысты. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 52 млн теңгеден асқан.
Министр мемлекет адал бәсекелестікті дамытуға және нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасауға мүдделі екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – бизнес үшін қосымша кедергілер жасап, әкімшілік қысымды күшейту емес. Мемлекет адал кәсіпкерлерді қолдайды және барша нарық қатысушылары үшін ашық әрі түсінікті ойын ережелерін қалыптастыруға мүдделі. Алайда мұндай қолдау заң талаптары сақталған жағдайда ғана көрсетіледі. Егер жекелеген базар әкімшіліктері немесе сауда субъектілері жасырын схемаларды қолдануды, жеткізу тізбектерін жасыруды, негізсіз сауда үстемеақыларын белгілеуді немесе заң талаптарын елемеуді жалғастырса, мемлекет заңнамада көзделген барлық ықпал ету шараларын дәйекті түрде қолданатын болады», – деді Арман Шаққалиев.
Министр сондай-ақ Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты сауда саласын қоса алғанда, экономиканың барлық секторында мүлтіксіз сақталуы тиіс екенін еске салды.

Еске салайық, Шымкентте Ресейден заңсыз әкелінген 11 мыңнан астам жұмыртқа жойылды.