Шымкентте Ресейден заңсыз әкелінген 11 мыңнан астам жұмыртқа жойылды
Шымкент қаласында Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының ірі партиясын сату әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Заң бұзушылық Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Қазақстан құс өсірушілер одағының бірлескен жұмысы барысында анықталды.
«Жібек жолы» базарында жүргізілген бақылау-қадағалау іс-шаралары кезінде мамандар міндетті таңбалауы жоқ және ветеринариялық ілеспе құжаттармен рәсімделмеген жұмыртқалардың сатылымға шығарылғанын анықтады. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 11 850 дананы құрады. Зертханалық сараптама нәтижелері өнімнің қауіпсіздік талаптарына және қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты жұмыртқалардың барлық партиясы арнайы құрылған комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіпке сәйкес жойылды», делінеді хабарламада.
Заң бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, тексеру материалдары тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.
Айта кетейік, Қазақстан құс өсірушілер одағы жұмыртқа өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмысты мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастыруда. Анықталған барлық құқық бұзушылық фактілері Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне, Мемлекеттік кірістер комитетіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданатын болады.
«Қолданыстағы шектеу шараларына қарамастан, еліміздің бірқатар өңірлерінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату фактілері әлі де тіркелуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдар тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында республика аумағындағы базарлар мен сауда нысандарында жүйелі тексерулер жүргізуді жалғастырып келеді», деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Еске салайық, биыл 17 сәуірден бастап Ауыл шаруашылығы министрінің №146 бұйрығы күшіне еніп, тағамдық тауық жұмыртқаларын Қазақстан аумағына әкелуге уақытша тыйым салынған. Бұл шара көлеңкелі импорттың жолын кесуге, демпингтік сауданың алдын алуға және маусымдық сұраныс артқан кезеңде ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Жұмыртқа импортына уақытша шектеу енгізу тәжірибесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Мұндай шаралар отандық құс фабрикалары ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз еткен кезеңдерде қабылданады. Мамандардың сөзінше, бұл қазақстандық өндірушілерді демпингтік импорттан қорғауға, отандық өнім өндірушілер үшін әділ бәсекелестік орта қалыптастыруға және тұтынушылар үшін бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Еске салсақ, бақылау таразыларының нәтижелері бойынша AҚ-ҚҰС, QARQUS маркалы жұмыртқалар қаптамада көрсетілген салмаққа сәйкес келетіні анықталды.