Елорда жастары «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты
Елордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті тазалық жұмыстары жүргізілді. Алматы ауданы әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған шара Махтұмқұлы көшесі бойында өткізіліп, оған белсенді жастар мен еріктілер қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Тазалық барысында қатысушылар көшелер мен қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлесін қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастаманың басты мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту ғана емес, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дәріптеу.
«Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Астана жастары» ұйымы Алматы ауданы әкімдігімен бірлесіп сенбілік өткізіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – елордамыздың тазалығын сақтауға үлес қосу және тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Қаланың тазалығы әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы арқылы астаналықтарды қаланы таза ұстауға үндегіміз келеді. Сонымен қатар, еріктілердің белсенділігін арттыру үшін тазалық жұмысын түрлі ойынмен және танымдық әдістермен ұштастырып, сенбілікті ерекше форматта ұйымдастырдық», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының Жастармен тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Сұлтан Өмірғалиев.

Сенбілікке қатысқан жастар мұндай жұмыстардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олардың пікірінше, қаланың тазалығы әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады.
«Еріктілер қатарына қосылғаныма бір жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта түрлі экологиялық және қоғамдық іс-шараға белсенді қатысып келемін. Бүгінгі сенбілікке де жазғы демалысымызды пайдалы өткізіп, қаламыздың тазалығына үлесімізді қосу үшін келдік. Біз шашылған қоқысты жинап қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын насихаттауға тырысамыз. Астананың тазалығы тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әр азамат қоршаған ортаны таза ұстап, қоқыс тастамауды әдетке айналдыруы қажет деп ойлаймын», – деді жастар ресурстық орталығының белсендісі Абылмансұр Әмірхан.

Айта кетейік, мұндай экологиялық бастамалар елорда тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттыруға ықпал етеді. Тазалық акциясына қатысқан жастар өз еңбегі арқылы қаланың көркеюіне үлес қосып қана қоймай, қоғамға үлгі көрсетті.

