ІІМ-де жаңа криминалистикалық әдістемелік құралдар таныстырылды

Бүгін, 13:22
Думан Аманжол Думан Аманжол
ІІМ-де жаңа криминалистикалық әдістемелік құралдар таныстырылды
Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмасымен дайындалған әдістемелік құралдардың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінде өткен жиынға министрдің орынбасары Санжар Әділов төрағалық етті. Таныстырылымға министрліктің орталық аппараты мен аумақтық ішкі істер органдарының басшылары, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында бағдарламалық басқарылатын құрылғылардың көмегімен орындалған қолжазба мәтіндер мен қолтаңбаларды зерттеу, портреттік сараптамалар жүргізу, баллистикалық объектілермен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, оқиға орнын қарау кезінде биологиялық іздерді алу тәртібі, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі қызметкерлердің іс-қимыл алгоритмдеріне арналған әдістемелік құралдар таныстырылды.

ІІМ мәліметіне сәйкес, ұсынылған әрбір құрал отандық криминалистика мектебін дамытуға, буындар сабақтастығын нығайтуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығын одан әрі жетілдіруге елеулі үлес қоспақ.

«Дайындалған әдістемелік материалдар практикалық қызметте кеңінен қолданылып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысындағы сенімді құралға айналады», делінген хабарламада.

Еске салсақ, Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кезекті кеңесі өтті.