Каспий мен Жайықтың тағдыры: депутаттар Атырауда маңызды мәселелерді көтерді
Каспий теңізінің төмендеуі мен Жайық өзенінің экологиялық жағдайы Атырауда өткен маңызды жиында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырауда Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті.

Жиында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін сақтау, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелері қаралды.
Мәулен Әшімбаев соңғы жылдары Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі, балық қорының азаюы және өңір экожүйесіне түсетін антропогендік жүктеменің артуы ерекше алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін өңірлік емес, жаһандық сипаттағы мәселе ретінде үнемі көтеріп келеді. Осыған байланысты Қазақстан Каспийдің су ресурстарын сақтауға бағытталған мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді ұсынған.
Сондай-ақ Президент бастамасымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Астанада Су проблемаларын талдау орталығын құру және БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын жасақтау мәселелері күн тәртібіне шығарылған.

Кездесуде Каспий теңізінің қазіргі жағдайына қатысты алаңдатарлық деректер де айтылды. Мамандардың мәліметінше, Маңғыстау облысының жағалау бөліктерінде теңіз кей жерлерде 30-35 шақырымға дейін шегінген.
Соның салдарынан топырақтың тұздануы күшейіп, табиғи экожүйелердің тозуы байқалады. Сонымен қатар балықтардың уылдырық шашатын аумақтары қысқарып, құрамында улы шөгінділері бар шаңды дауылдардың пайда болу қаупі артып отыр.
Парламенттік комиссия мүшелері Каспий мен Жайық мәселелерін бөлек қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оларды шешу үшін ғылыми негізделген тәсілдер, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың белсенді қатысуы қажет екені айтылды.
Жиынға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ бірқатар министрлік өкілдері, халықаралық сарапшылар мен экологиялық ұйымдардың мүшелері қатысты.

Отырыс барысында Каспий теңізі мен Жайық өзенін сақтауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамалар талқыланып, оларды іске асыру барысы қоғамдық бақылауда болатыны аталып өтті.
Бұған дейін биыл Каспий теңізіне 6 млрд текше метрден астам су жіберілгенін жазғанбыз.