Instagram арқылы алаяқтық жасаған әйел рақымшылықтан айырылды

Instagram арқылы алаяқтық жасаған әйел рақымшылықтан айырылды
Фото: pexels.com

Қарағанды облысының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жасап, азаматтарды алдағаны үшін тағайындалған жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, әйел бұған дейін де алаяқтық қылмысы үшін сотталған. Алайда жазасын өтеу кезеңінде қайтадан заң бұзып, Instagram әлеуметтік желісінде әйелдер киімін сататыны туралы жалған хабарландырулар жариялаған.

Ол сатып алушылардан алдын ала төлем алып, тауарды жеткізбеген. Тергеу барысында түскен қаражатты жеке қажетіне жұмсағаны анықталған.

Теміртау қалалық сотының үкімімен әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Кейін апелляциялық сот оған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды қолданып, жаза мерзімін 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан.

Алайда сот актілерін тексеру кезінде рақымшылықтың заң талаптарына қайшы қолданылғаны анықталды.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес алдыңғы үкім бойынша жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға тыйым салынған.

Осыған байланысты Бас прокуратура наразылық енгізіп, оның нәтижесінде рақымшылықты қолдану туралы шешімнің күші жойылды.

Сотталған әйелге бастапқы үкім бойынша белгіленген 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қайта белгіленді.

Бас прокуратура рақымшылықтың гуманизм қағидатына негізделгенін, алайда ол жазасын өтеу барысында қайтадан қасақана қылмыс жасаған адамдарды жауаптылықтан босатуға негіз болмайтынын атап өтті.

Бұған дейін Одессада қазақстандықтарды алдаған халықаралық алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылғанын жазған болатынбыз.