Астаналық шахматшы әлем кубогының 1/8 кезеңіне шықты

Бүгін, 09:01
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық шахматшы әлем кубогының 1/8 кезеңіне шықты
Фото: instagram.com/m_kamalidenova

Грузияның Батуми қаласында шахматтан FIDE-нің әйелдер арасындағы әлем кубогы жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Отандасымыз Меруерт Камалиденова (2330) 3-айналымда ресейлік шахматшы Анна Шухманды (2413) жеңді. Алдыңғы ойында қарсыластар тең тарқасқан. Екінші кездесуде 19 жастағы отандасымыз басым түсті. Есеп: 1,5-0,5.

Айта кетейік, Меруерт 1/32 айналымда әлем чемпионатының финалисі, әлем кубогының жеңімпазы Александра Горячкинаны ұтып, сенсация жасаған.

Камалиденованың келесі қарсыласы Вейшали Рамешбабу (Үндістан, 2481) немесе Карисса Йип (АҚШ, 2431) болады.

Өкінішке қарай, тағы бір отандасымыз Елназ Қалиахмет (2218) өзбек ойыншысы Умида Омоноваға есе жіберді (0,5-1,5).

Қазір Батумидегі әлем кубогына 46 ұлттық федерацияның атынан әлемнің таңдаулы 107 шахматшысы жиналды. Оның ішінде әлем рейтингінде ТОП 20-дағы 17 гроссмейстер бар. Аңызға айналған ойыншылар, жас дарынды шеберлер бас жүлде 50 мың АҚШ доллары үшін сынға түсіп жатыр. Мұндағы формат – нокаут-турнир. Яғни, жеңілген адам үшін бәсеке аяқталады. Жарыстың финалы 28 шілдеде өтеді.