Білімнің жаңа кезеңін қалыптастыруға мән беріліп отыр – Гүлбадан Мәдібаева
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарияланған сұхбатына қатысты Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Көзі ашық оқырман бұл көлемді сұхбаттан тәуелсіздікті нығайту, экономикалық дербестік, жастар мәселесі, ұлттық құндылықтарды сақтау, қазақ тілінің мәртебесі, елімізде не болып жатқаны және не күтіп тұрғаны туралы қоғамды мазалаған көптеген мәселелердің жауабын таба алады. Біз, кітапханашылар, сауатты қоғам қалыптастыру, жас ұрпақты білім мен ғылымға шақыру жолында қызмет етіп жүргендіктен, жастарға қатысты айтқан қолдау әрі жігерлендіру сөздерін ерекше ыждаһатпен оқып шықтық. Президент жастарға оқудан өзге, заманауи технологияларды меңгеріп, әрдайым ізденісте болу керек дегенді айтты. Білім мен тәрбиенің жаңа кезеңін қалыптастыруға айрықша мән беріліп отырғанын байқауға болады», - деді Гүлбадан Мәдібаева.
Президент бұл сұхбатта мемлекеттік тіл туралы да айтқан.
«Мемлекет басшысының қазақ тілі туралы өзекті мәселеге тоқталғаны жүрегімізді жылытты. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі, қазақ тілін білу жастар арасында сәнге айналғаны және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келе жатқандығы - біз куә болып отырған шындық. Бүгінде кез келген мемлекеттік қызметке кіру үшін қазақ тілінен сынақ тапсыру, Президенттің өзі сұхбатты қазақтілді басылымға беруі ана тіліміздің мәртебесін көтерудегі маңызды қадам деп есептеймін. Бұл арқылы тіл мәртебесі көтеріліп қана қоймай, ұлттық құндылықтарымыз, тарихымыз бен салт-дәстүріміз де жандана түседі деген ойдамыз. Президенттің «Мемлекеттік тіл - азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады» дегені Қазақстанға жаңа кезеңнің келгенінің белгісі болса керек», - деді спикер.
Басшы мақалада көтерілген мәселелер ел дамуы үшін оң қадамдар екенін жеткізді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақалада көрсеткен жұмыстары елдің дамуы үшін оң қадамдар екенін мойындаймыз. Халқымыздың өмір сапасын одан әрі жақсарту мақсатына қолдау көрсетіп, өз саламызда кешенді жұмыс жасау арқылы өз үлесімізді қосамыз деп сенім білдіремін», - деп сөзін түйіндеді Гүлбадан Мәдібаева.