Бүгін – ұлттық басылым күні
Бүгін – халықтың көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқарып келе жатқан ұлттық басылым күні. Дәл осы күні 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Одан бөлек, биыл қазан айында Астананың басты үнжариясына айналған «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің жарық көргеніне 35 жыл толады.
Олар - қаланың тыныс-тіршілігі мен іс-шаралары жайында қалың бұқараға жүйелі түрде ақпарат жеткізетін, мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымдар. Бас шаһармен бірге өсіп-өркендеп, оқырманы артқан қос газеттің дизайны да уақыт өткен сайын түрленуде.
Республикалық «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» қоғамдық-саяси газеттері 1990 жылғы 13 қазаннан бастап жарық көріп келеді. Аптасына 12 беттен 3 рет шығатын басылымның апталық тиражы 15 мың данадан асады.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы – Қазақстан Президенті сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі Еркін Қыдыр.
«Газет журналистері еліміз бен бас қаламызға қатысты қоғамдық пікір тудыратын өзекті мәселелерді жиі көтереді. Басылым оқырманға ой салатын қысқа-нұсқа материалдар берумен де ерекшеленеді. Мұнда «Үйренетін үрдіс», «Ұлт ұпайы» деген айдарлар ашылды. Мәселен, қалада көшелерге есімдер беріледі. Бірақ ол есімнің иесі кім екенін көпшілігі біле бермейді. Солар жайында толыққанды ақпарат беріп отырамыз», - деді газеттің бас редакторы.
Ұжымның табысты еңбегінің арқасында 2018 жылы басылым ҚР Президентінің Алғысын, Nur Sunqar ұлттық сыйлығын алды.
Былтыр «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ баспасөз, радио және интернет-журналистика саласы бойынша «Үркер-2024» ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша газет тілшісі Нұрлат Бәйгенже жеңімпаз атанды.
Ұжымда қызмет ететін мамандардың көпшілігі - республикалық байқаулардың жеңімпазы. Онымен қоса, олар құрмет грамоталарымен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.
«Елдегі газеттердің ішінде 35 жылда елорданың бас басылымына айналған «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газеті медиа парадигмасының өзгеру кезеңінде оқырманын сақтап қалу, әрі қоғамдағы өзекті түйткілдерді айту, әркімді ойландыратын тақырыптарды ұсыну, мәнісін күткен мәселелерді көтеру арқылы қазақ журналистикасының оң имиджін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Сапалы, шынайы журналистиканы, терең талдауды құптайтын талғамы биік оқырман үшін өмір сүре береді. Қоғамдағы өз орнын таба білуінің тағы бір себебі – халықты бір сарынды ақпаратпен емес, керісінше болған оқиғаға объективті көзқарас танытып, заманға сай мультимедиалық формалармен қызықтырып, әрі сол арқылы қоғамдық пікір туғызуында», - деді басылымның тілшісі Индира Бержанова.
«Астана ақшамы» газеті өзінің даму стратегиясын айқындағанда сараптамалық, сыни және салиқалы мақалаларды көптеп жариялау қажеттігін басты ұстаным еткен. Сондықтан да басылымда саясат, экономика, әлем жаңалықтары төңірегіндегі тақырыптардан бөлек, әлеумет, білім, денсаулық, мәдениет, руханият, дін, құқық мәселелері де жан-жақты көтеріледі.
«Газеттің беделі артып, өз аудиториясын, тұрақты оқырманын қалыптастырғаны да айқын. Қоғамдағы алуан түрлі түйткілді мәселелерге өзінше үн қосып, бүкпесіз айтып, сынап та алатын мақалаларымен көпшілік көңілінен шыға білді. Сондықтан бүгінде «Астана ақшамы» газеті жас та, кәсіп те талғамайды. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені бәрін алаңдататын жайлар ортақ – елорданың тыныс-тіршілігі, бас қаладағы өзекті мәселелерден бастап, республикадағы түйткілдерді шешумен жалғасады», - деді тілші.
Әрдайым халық үнімен үндес, мұңымен мұңдас, жанымен сырлас қос басылымның өзге газеттерден басты айырмашылығы – түрлі танымдық айдарларында. Осы уақытқа дейін әр айдардың жеке оқырманы қалыптасқан. Бұл - қалам ұстаған, саналы ғұмырын газетке арнаған білікті де шығармашыл журналистердің еңбегі.
Қай уақытта болмасын, қалам мен қағазды серік еткендердің жүгі ауыр болған. Мереке күнінде қос басылым ұжымы қызметкерлерінің ойы ұшқыр, жазарлары көп, қаламы қарымды, сөздері өтімді болсын. Күн сайын түрлі тақырыпқа қалам тербеп, халық игілігі үшін қызмет атқарып жатқан әмбебап әріптестерімізге шабыт пен шығармашылық тілейміз.