Астанада жаңа жаяу жүргіншілер желекжолы салынады

17 сәуір, 2025
elordaaqparat elordaaqparat
Астанада жаңа жаяу жүргіншілер желекжолы салынады
Барлық фото Астана Урбанистика орталығынан

Астанада жаңа GreenLine жаяу жүргіншілер желекжолы салынады. Ол «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығынан басталып, Айтматов көшесі бағытында орналасады, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы Урбанистика орталығына сілтеме жасап.

Бірінші кезеңде жоба Күлтегін көшесінен Әнет баба көшесі мен Әйтеке би желекжолына дейінгі учаскеде, Sat City тұрғын үй алабы маңында жүзеге асырылады.

«Басты мақсат – жасыл, ыңғайлы және заманауи желекжол салу. Бағдар бойымен жаяу жүргіншілер променады ұйымдастырылып, көгалдандыру, табиғи элементтер мен қалалық орта сапасына басымдық беріледі», - делінген Урбанистика орталығы хабарламасында.

Ересек ағаш, көпжылдық бұта отырғызу мен табиғи су айдындарын жасауға айрықша көңіл бөлінеді. Бұл элементтер микроклиматты жақсартуға көмектесіп, кеңістікке жайлы атмосфера сыйлайды.

GreenLine желекжолы бойында ойын және спорт алаңдары, жүгіру және велосипед жолдары, көлеңкелі саяжолдар мен тынығу аймақтары салынады.