Мереке күні жедел жәрдем 23 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетті

11 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Мереке күні жедел жәрдем 23 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетті
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

8 наурыз күні ел бойынша жедел жәрдем бригадалары 103 диспетчерлік қызметінің пультіне келіп түскен 22,7 мың шақыртуға қызмет көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оның ішінде 1147 шақырту бірінші санатқа, 6723 - екінші санатқа, 6220 үшінші санатқа және төртінші санат бойынша емханалар жанындағы бригадалар 8624 шақыртуға қызмет көрсетті.

Ең көп шақыртулар Түркістан облысы, Шымкент, Алматы, Астана қалаларында, одан кейін Жамбыл және Алматы облыстарында тіркелді.

Бұл күні ауыр диагнозы бар пациенттерге 15 телемедициналық консультация берілді. Жедел коронарлық синдромы бар ер адам санавиация бортымен Құрманғазы кентінен Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді.

Қазіргі уақытта ел бойынша жедел медициналық жәрдем қызметін 20 дербес станция, 98 қалалық кіші станция және 232 аудандық бөлімше ұсынады.

Облыстық және қалалық жедел жәрдем станцияларында бір ауысымда 1 491 көшпелі бригада жұмыс істейді, МСАК (емхана) ұйымдарының жанындағы шұғыл 4-санаттағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 446 бригада жұмыс істейді.