Жасанды интеллект шешім қабылдаушы емес, көмекші құрал болуы тиіс – Әлия Қанатова

Жасанды интеллект шешім қабылдаушы емес, көмекші құрал болуы тиіс – Әлия Қанатова
Фото: Әлия Қанатованың жеке мұрағатынан

ҚҚДИ-дың Деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің бас сарапшысы Әлия Қанатова Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытуға қатысты айтқан пікірлеріне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшы мемлекеттік басқаруда цифрлық технологияларды қолдану шешім қабылдау сапасын арттыруы мүмкін екенін, алайда адам жауапкершілігі сақталуы тиіс екенін атап өтті. 

Әлия Қанатованың пікірінше, заманауи басқарудың негізгі мәселелерінің бірі – ақпараттың жетіспеуі емес, деректер көлемінің шамадан тыс көп болуы. Осы тұрғыда цифрлық құралдар мен деректерге негізделген саясаттың маңызы артады.

«Заманауи басқарудың басты сын-қатері – ақпараттың жетіспеуі емес, керісінше, деректердің шамадан тыс көптігі. Шешім қабылдаушы адам миллиондаған дерек ағынын өз бетінше сүзіп, талдап үлгермейді. Дәл осы жерде цифрлық құралдар мен деректерге негізделген саясат шешуші рөл атқарады. Президент ұсынған «E-Parliament» жүйесі – осы мәселені шешуге бағытталған дұрыс қадам. Мұндай платформа заң жобаларын алдын ала талдауға, ықтимал салдарды модельдеуге, түйткілдерді ерте анықтауға мүмкіндік береді», – деді Әлия Қанатова.

Сарапшы мұндай жүйелердің тиімділігін арттыру үшін заңдардың реттеушілік әсерін бағалауды цифрландыру, ашық деректерді депутаттардың талдау жұмысымен байланыстыру және қабылданған заңдардың нәтижесін кейіннен деректер арқылы бағалау қажет деп санайды.

«Деректің көптігін кемшілік емес, дұрыс құралмен жұмсалғанда – сапалы шешімнің қайнар көзіне айналдыруға болады. Заңның реттеушілік әсерін бағалаудың цифрлық жүйесін енгізу, ашық деректер базасын депутаттардың талдау жұмысымен ұштастыру және заңдардың нақты нәтижесін кейінгі бақылау арқылы деректермен өлшеу маңызды», – деді ол.

Әлия Қанатова жасанды интеллектіні заң шығару мен мемлекеттік басқаруда қолдану кезінде технологияның мүмкіндігі мен адамның жауапкершілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет екенін атап өтті.

«Жасанды интеллект – құрал, шешім қабылдаушы емес. Оның орны – «көмекші интеллект» рөлінде: заңдардың арасындағы қайшылықтарды табу, үлкен көлемді құжаттарды жедел талдау, тәуекелдерді болжау, рутиналық жұмысты автоматтандыру. Ал соңғы шешім, әсіресе, адам тағдырына, құндылықтарға қатысты мәселелерде – адамның қолында қалуы тиіс. Мұны халықаралық практикада «human-in-the-loop» қағидаты деп атайды», – деді сарапшы.

Ол мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектіні енгізу барысында алгоритмдік бұрмалау және жауапкершіліктің көмескіленуі сияқты тәуекелдерді де ескеру қажет екенін айтты.

«Бұл жерде екі тәуекелді ескерткім келеді. Біріншісі – алгоритмдік бұрмалау: жасанды интеллект оны оқытқан деректердегі қателерді қайталайды. Екіншісі – жауапкершіліктің көмескіленуі: «алгоритм солай шешті» деген сылтау болмауы керек, шешім үшін нақты адам жауап беруі шарт. Сондықтан жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізуде айқындық пен есеп берушілік принциптерін заңнамалық түрде бекіту қажет», – деді ол.

Сарапшы цифрландыру үдерісінің тиімділігі білім беру сапасына тікелей байланысты екенін де атап өтті.

«Жасанды интеллектіні мектеп бағдарламасына енгізу – тек техникалық дағды емес, сыни ойлау мен цифрлық этиканы қалыптастыру мәселесі. Балаларды технологияны пайдаланушы ғана емес, оны сыни бағалай алатын, жалған ақпаратты ажырата алатын азамат етіп тәрбиелеу керек. Ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілік – өз мектебіміз бен университетіміздің сапасына тікелей тәуелді. Білім мен ғылымға сүйену цифрлық дәуірдегі жалған ақпарат пен манипуляцияға қарсы ең тұрақты қорған бола алады», – деп түйіндеді Әлия Қанатова.