«Алтынтау Көкшетау» кенішінде жерасты өндіру басталады
Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Алтынтау Көкшетау» кен орнында алғашқы жерасты жарылысы жасалып, кенішті игерудің жаңа кезеңіне жол ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы жарылыс болашақ жерасты кенішінің порталын қазу жұмыстарының басталғанын білдіреді. Кәсіпорын үшін бұл – кен орнын игерудің шахталық әдісіне көшуге бағытталған маңызды кезең.

Жерасты өндіру жобасы кеніштің жұмыс істеу мерзімін 2047 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында кәсіпорынның өндірістік аумағын кеңейту үшін компанияға 1057 гектар қосымша жер учаскесі берілген.

«Алтынтау Көкшетау» Ақмола облысының өнеркәсібінде маңызды орын алады. Кәсіпорын өңірдегі өнеркәсіптік өндірістің 17 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібінің 23 пайызын қамтамасыз етеді. Компанияда 1700-ден астам адам еңбек етеді.

Жерасты тәсіліне көшу кен орнын ұзақ мерзім игеруге, өндірістік әлеуетін сақтауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Биыл қаңтар айында кәсіпорында тау-кен массасын алудың алғашқы жұмыстары басталған болатын. Енді жерасты кенішінің құрылысын дайындау кезеңі қолға алынды.
Бұған дейін елімізде жылына 10,5 млн тонна мыс кенін өңдеуге арналған байыту технологиялары әзірленгенін жаздық.