Әл-Фараби мен Конфуций мүсіні Қазақстан-Қытай білім байланысының символына айналды
Астанада Әл-Фараби мен Конфуцийге арналған мүсіндік композиция ашылды. Ұлы ойшылдардың бейнесін біріктірген туынды Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың символына айналмақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана халықаралық университетінде «Әл-Фараби мен Конфуций: ұлы ойшылдар сұхбаты» атты мүсіндік композицияның ашылу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген композиция Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалына тарту етілді.
Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек, Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь және Бейжің тіл және мәдениет университетінің вице-президенті, профессор Чжан Баоцзюнь қатысты.

Қазақстан мен Қытай жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытып келеді. Бүгінде екі ел арасындағы академиялық байланыстар кеңейіп, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер жүзеге асырылуда. Сонымен қатар студенттер мен жас ғалымдарға арналған жаңа мүмкіндіктер қалыптасып келеді.
Саясат Нұрбектің айтуынша, Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының Қазақстанда ашылуы – екі ел арасындағы білім беру байланыстарының жаңа кезеңге өткенін көрсететін маңызды қадам.
«Қазақстанда Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының ашылуы – осы жаңа кезеңнің жарқын мысалы. Біздің міндетіміз – университеттердің қазақстандық және қытайлық жастар бір-бірін танып қана қоймай, болашаққа арналған шешімдерді бірлесіп қалыптастыратын ортаға айналуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Мүсіндік композицияның идеялық негізіне Әл-Фараби мен Конфуцийдің білімге, даналыққа және адамгершілік құндылықтарға негізделген философиялық мұрасы арқау болған. Екі ойшылдың еңбектеріндегі ортақ идеялар мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен диалогты дамытуға негіз бола алады.
Қазақстан астанасында қос ойшылдың бейнесін біріктірген композицияның орнатылуы халықтар мен мәдениеттер арасындағы тарихи байланыстың сабақтастығын да көрсетеді. Бұл ретте Қазақстан мен Қытайды ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы арқылы сауда-саттықпен қатар, мәдениет, білім және идеялар алмасуы байланыстырған.

Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь екі ел арасындағы қазіргі ынтымақтастықтың өзегінде өзара құрмет пен мәдениеттер диалогы тұрғанын атап өтті.
«Жаһандық өркениеттік бастама теңдік, өзара тәжірибе алмасу, диалог және инклюзивтілік қағидаттарына негізделеді. Ол өркениеттер қақтығысы теориясы мен өркениеттік артықшылық идеяларына қарсы бағытталған. Осы арқылы Конфуцийдің «әртүрліліктегі үйлесім» қағидаты мен әл-Фарабидің бейбіт қатар өмір сүру туралы философиялық ұстанымының рухын үндестіреді», – деп атап өтті Хань Чуньлинь.
Іс-шарада Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту, студенттер мен жас зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ұсыну бағыттарына назар аударылды.
Ұлы ойшылдарға арналған мүсіндік композиция студенттер мен оқытушылар үшін білім мен ғылымның маңызын және мәдениетаралық диалогтың құндылығын айқындайтын нышан болмақ.