Меруерт Балғынбаева: Спорт – еңбек, тәртіп пен жауапкершілік мектебі
Көркем гимнастикадан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұрпақ тәрбиесіне байланысты пікіріне өз ойын қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Көп жылдан бері спорт арқылы жас ұрпаққа тәрбие беріп, олардың бойына еңбекқорлық, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге өз үлесімді қосып келемін. Мен үшін әр баланың жетістігі – тек жеңіс немесе медаль емес, ең бастысы спорт арқылы шыңдалып, өзіне сенімді, мақсатшыл тұлға болып қалыптасуы.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесінің ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өткен болатын. Мен бұл пікірмен толықтай келісемін. Өйткені спорт – тек жарыс пен медаль ғана емес, ол үлкен еңбек, тәртіп пен жауапкершілік мектебі.
Бүгін біз балаларға дұрыс тәрбие бере алсақ, ертең елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы ұрпақ қалыптастырамыз», – деді Меруерт Балғынбаева.
Айта кетейік, көркем гимнастикадан 12-16 тамыз күндері Германияның Франкфурт қаласында өткен әлем чемпионатында Меруерт Балғынбаеваның шәкірті Ақмарал Ерекешева көпсайыста 6-орын және жекелеген сайыста 5 пен 8-орынға тұрақтаған еді. Сондай-ақ топтық жаттығудағы аруларымыз 13-орынды иеленді.
Бұған дейін ҚҚДИ-дың Деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің бас сарапшысы Әлия Қанатова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында айтқан сөзіндегі тарихи сабақтастық пен технологиялық дәуірге бейімделу мәселелеріне қатысты пікірін білдірген болатын.