Құрылтай атауы – тарихи сабақтастық пен жаңғырудың тоғысы – Әлия Қанатова

Құрылтай атауы – тарихи сабақтастық пен жаңғырудың тоғысы – Әлия Қанатова
Фото: Әлия Қанатованың жеке мұрағатынан

ҚҚДИ-дың Деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің бас сарапшысы Әлия Қанатова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында айтқан сөзіндегі тарихи сабақтастық пен технологиялық дәуірге бейімделу мәселелеріне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, Құрылтай атауы ұлттық тарихи тамыр мен заманауи мемлекеттілікті сабақтастыратын маңызды символдық мәнге ие. 

«Заң шығарушы органға «Құрылтай» атауының берілуі идеологиялық маңызы зор қадам деп бағалаймын. Талас пен Ордабасы құрылтайларына сілтеме жасай отырып, Президент саяси институттың терең тарихи тамырын көрсетті.

Мұны цифрлық дәуірдегі ұлттық бірегейлікті сақтаудың бір тетігі ретінде де қараған жөн. Жаһандану мен технологиялық стандарттау адамзатты біркелкілендіріп бара жатқан кезеңде өзінің тарихи-мәдени тірегі берік ұлт қана жаңа дәуірде дербестігін сақтай алады», – деді Әлия Қанатова.

Сарапшының пікірінше, тарихи сабақтастық өткенді ғана дәріптеу емес, ұлттық негізді сақтай отырып, жаңа технологиялық кезеңге бейімделу дегенді білдіреді.

«Өткенді көксеу емес, тарихи сабақтастықты сақтау» деген формула – дәстүр мен модернизацияны қатар алып жүру философиясы. Бұл – цифрландыруды тамырсыз көшіру емес, ұлттық негізде дамыту деген сөз», – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі технологиялық өзгерістер мемлекеттерден икемді әрі бейімделгіш басқару моделін талап етеді.

«Президент сөзіндегі ең терең тұжырымдардың бірі – әлемнің «заңдылық пен қисыннан ада» дамуы туралы бөлім. Бұрынғы дәуірде даму болжамды, сызықты сипатта еді: бүгінгі үрдіске қарап ертеңгі нәтижені болжауға болатын. Ал қазір өзгерістер экспоненциалды әрі бейсызық сипатта жүріп жатыр – шағын технологиялық серпіліс бүкіл салаларды бір сәтте түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Мұндай жағдайда мемлекеттің стратегиясы да икемді, бейімделгіш болуы қажет. Қатып қалған ұзақмерзімді жоспарлаудан гөрі, сценарийлік ойлау мен жедел бейімделу қабілеті маңыздырақ. Президент «реформалардың қарқыны бәсеңдемейді, артқа жол жоқ» дегенде, дәл осы үздіксіз бейімделу қажеттігін меңзеп отыр», – деді сарапшы.

Ол жасанды интеллектінің ықпалы артып келе жатқан кезеңде мемлекеттің технологиялық өзгерістерді алдын ала бағалап, соған сәйкес басқару тетіктерін қалыптастыруы маңызды екенін атап өтті.

«Технологиялық өзгерістердің қарқыны артқан сайын мемлекеттік басқарудың икемділігі де маңызды бола түседі. Бүгін тиімді болып тұрған шешім ертең жаңа технологиялық немесе әлеуметтік жағдайға байланысты қайта қарауды талап етуі мүмкін.

Сондықтан қазіргі кезеңде стратегиялық жоспарлаумен қатар, өзгерістердің бірнеше ықтимал сценарийін алдын ала бағалау және оларға жедел бейімделу қабілеті қажет», – деп атап өтті бас сарапшы.