Электронды еңбек шарты: оны қалай рәсімдеп, қайдан тексеруге болады
Жұмысқа орналасқанда еңбек шартын қағаз жүзінде рәсімдеу міндетті емес. Бүгінде келісімді электронды түрде жасап, оны онлайн бақылауға болады. Бұл туралы Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмысқа орналасу кезінде еңбек шартын электронды форматта рәсімдеуге болады. Бұл жұмыс беруші мен қызметкерге құжаттарды дайындау, қол қою және сақтау үдерісін жеңілдетеді.
Электронды еңбек шарты деген не?
Электронды еңбек шарты – жұмыс беруші мен қызметкер арасында онлайн форматта жасалатын еңбек шарты. Оның деректері Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕАЖ) тіркеледі.
Бұл жүйе арқылы қызметкер өзінің ресми жұмысқа орналасуы туралы ақпаратты бақылап, еңбек тарихына қатысты мәліметтерді тексере алады.
Электронды еңбек шартының қандай артықшылығы бар?
Уақыт үнемделеді. Құжатты қағазға шығарып, қол қойып, бірнеше жерде сақтау қажеттілігі азаяды.
Ақпарат қолжетімді. Қызметкер өзінің еңбек шарты мен еңбек қызметіне қатысты мәліметтерді онлайн режимде тексере алады.
Құжатты сақтау жеңіл. Электронды формат құжаттың жоғалу немесе бүліну қаупін азайтады.
Еңбек қатынастары ашық болады. Қызметкер өзінің ресми түрде жұмысқа қабылданғанын және еңбек шарты туралы ақпараттың жүйеге енгізілгенін бақылай алады.
Электронды еңбек шартын қалай тексеруге болады?
Электронды еңбек шартының тіркелгенін онлайн режимде тексеруге болады.
Жұмыс беруші еңбек шарты туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізеді.
Қызметкер өзінің еңбек қызметіне қатысты ақпаратты eGov.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.
Сондай-ақ мәліметтерді Enbek.kz сервисінен көруге болады.
Қызметкерге не маңызды?
Жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты туралы ақпараттың жүйеге енгізілгенін тексерген жөн. Бұл ресми еңбек қатынасының тіркелуін бақылауға және еңбек қызметіне қатысты мәліметтерді дер кезінде тексеруге мүмкіндік береді.
Сондықтан қағаз құжаттың болмауы еңбек шарты жасалмады дегенді білдірмейді. Электронды форматта рәсімделген еңбек шарты да еңбек қатынастарын ресми түрде тіркеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін жыл басынан бері 388 мыңнан астам қазақстандықтың жұмысқа орналасқанын жазған болатынбыз.