Шахтерлер күні: Қазақстанда 145 мыңнан астам адам тау-кен саласында еңбек етеді

Шахтерлер күні: Қазақстанда 145 мыңнан астам адам тау-кен саласында еңбек етеді
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда Шахтерлер күні аталып өтеді. Бүгінде еліміздің тау-кен өндіру саласында 145 мыңнан астам адам еңбек етеді. Салада еңбек қауіпсіздігін күшейту, өндірісті цифрландыру және кәсіпорындарды жаңғырту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарындағы көмір өндіретін кәсіпорындарда 32 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында «Karaganda Komir», «Богатырь Көмір», «ЕЭК», «Шығыс» разрезі, «Шұбаркөл Көмір», «Қаражыра» және «Майкүбен-Вест» кәсіпорындары бар.

Шахтерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрын тағайындалған зейнетақы төлемдері 10%-ға арттырылды. Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға 2024 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген. Бүгінде салада 13 мыңнан астам шахтер ардагері бар, олардың 400-ден астамы «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері.

Өндірістік қауіпсіздікке де ерекше мән берілуде. 55 шахта мен кенішті тексеру нәтижесінде қызметкерлердің орналасқан жерін анықтау жүйелерін енгізуді немесе қауіпсіздік құралдарын жаңғыртуды қажет ететін 8 компанияның 10 нысаны анықталды.

Сонымен қатар тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындарын жаңғыртуға бағытталған инвестиция көлемі 530 млрд теңгеден асты. Кәсіпорындарда қызметкерлерді позициялау, автоматтандырылған өрт сөндіру, бейнеталдау, жасанды интеллект, қашықтан басқару және басқа да цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр.

2026 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстанда 60,3 млн тонна көмір өндірілді. Бұдан бөлек, 31,24 млн тонна темір кені, 89,72 млн тонна мыс кені, 23,35 млн тонна құрамында алтыны бар кен және 4,07 млн тонна хром кені өндірілді.

Саладағы негізгі басымдықтар – өндірістік қауіпсіздікті арттыру, шахталарды цифрландыру, жабдықтарды жаңарту, шикізатты терең өңдеу, көмір химиясын дамыту және жаңа кен орындарын игеру.

бұған дейін «Алтынтау Көкшетау» кенішінде жерасты өндіру басталатынын жаздық