Семейде ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Бейбітшілік акциясы өтті
Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай Бейбітшілік акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, қоғамдық ұйым өкілдерімен, шет елдік қонақтармен бірге «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойды. Ядролық сынақтардың зардабынан қаза болғандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Семей ядролық сынақ полигонында қырық жылға жуық уақыт ішінде 456 ядролық жарылыс жасалды. Оның 116-сы әуеде және жер үстінде өткізілді. Ядролық сынақтардың зардабы мыңдаған отбасының тағдырына әсер етіп, бірнеше ұрпақтың жадында ауыр тарихи кезең ретінде сақталды.
Аймақ басшысы Семей полигонының жабылуы Қазақстанның бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы тарихи таңдауын айқындағанын айтты.
Облыс әкімі өз сөзінде Семей полигонының зардабын ашық көтеріп, антиядролық қозғалысты қолдаған мемлекет және қоғам қайраткері Кешірім Бозтаевтың еңбегін атап өтіп, жақында ол қызмет атқарған әкімдік ғимаратындағы мәжіліс залдарының біріне тұлғаның есімі берілгенін айтты. Бұл – оның елге сіңірген еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет екенін атап өтті.
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай өңірде бірқатар ғылыми-танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Құрман Аймұхамбетовтың «Ағашқа қашалған аманат» және Қоңыр Мұхамадиевтің «Жаралы дала» атты жеке шығармашылық көрмелері ашылды. Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми форум өтіп, ғалымдар мен сарапшылар ядролық сынақтардың тарихи сабақтары мен бейбітшілік мәселелерін талқылады. Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта «Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейінгі 35 жыл: ядролық сынақтардан – бейбіт атом ғылымына» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
«Өлімнен де күшті» монументі бүгінде ядролық сынақ қасіретін ғана емес, сол зұлматқа мойымаған халықтың рухын, өмірге деген сенімін және бейбіт болашаққа ұмтылысын айшықтайтын символға айналған.
Акция соңында қатысушылар балалардың бейбітшілік тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстарымен танысты.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне үндеу жасаған болатын.