Астанада Түркі елдерінің кәсіподақ командалары футзалдан өзара сынға түседі
3-4 қыркүйек күндері Астана қаласында Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының алғашқы халықаралық футзал турнирі – TURKIC CUP 2026 өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Кәсіподақтар федерациясының коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спорт алаңында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның кәсіподақ командалары өзара сынға түседі.
Алғаш рет бес елдің командалары Қазақстанда өтетін ортақ турнирде бақ сынайды.
Екі күн бойы командалар айналмалы жүйе бойынша өзара кездесу өткізеді. Соның нәтижесінде жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері белгілі болады.
Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы – түркі әлемі елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарын біріктіретін халықаралық бірлестік. Ұйымның бас хатшысы – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
ТМКҰ құру туралы келісімге 2023 жылы Әзербайжанның Шуша қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан кәсіподақ орталықтарының өкілдері қол қойған. Кейін бұл ұйымға Қырғызстан да қосылды.
Еске сала кетсек, Астанада спорт мектептеріне балаларды тегін оқуға қабылдау басталды.