«Астана Опера» теноры Швейцарияда Қазақстан атынан өнер көрсетеді

«Астана Опера» теноры Швейцарияда Қазақстан атынан өнер көрсетеді
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

«Астана Опера» театрының солисі Нұрсұлтан Әнуарбек Швейцарияда өтетін Opera for Peace халықаралық фестиваліне қатысатын әлемнің ең дарынды жас опера әншілерінің ондығына енді. Бұл туралы Elordainfo.kz «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бесінші мерейтойлық фестиваль 4-12 қыркүйек аралығында Швейцарияның Лугано қаласында өтеді. Opera for Peace академиясы аясында төрт құрлықтан жиналған жас опера орындаушылары әлемге танымал дирижерлер, әншілер мен вокал коучтарынан шеберлік сабақтарын алады.

Бағдарламада жеке дайындықтармен қатар көшбасшылық қабілеттерді дамытуға және қазіргі қоғамдағы әртістің рөлін түсінуге арналған арнайы воркшоптар да қарастырылған.

Фестивальдің басты оқиғасы – 12 қыркүйекте өтетін гала-концерт. Ол LAC 2026/2027 музыкалық маусымының ашылуына орай ұйымдастырылады. Кеште жас вокалистер Opera for Peace академиясының көркемдік және музыкалық жетекшісі Камал Ханның дирижерлығымен Orchestra della Svizzera italiana сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.

Нұрсұлтан Әнуарбек гала-концертте АҚШ, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Коста-Рика және басқа да елдерден келген жас әртістермен бірге Қазақстанның атынан өнер көрсетеді.

Жас тенор бұл жобаға қатаң іріктеу нәтижесінде жолдама алған. Оның қоржынында бірқатар халықаралық вокал байқауларының жүлделері бар. Атап айтқанда, ол «Қазақ романсиадасы» байқауында Гран-при, ал Италияда өткен «Caruso – De Curtis» конкурсында бірінші орын иеленген.

2025 жылы Нұрсұлтан Әнуарбек Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасына қабылданып, онда бір жылға жуық кәсіби тәжірибеден өтті. Бағдарламаға жыл сайын санаулы ғана жас әнші іріктеліп алынады.

Сонымен қатар қазақстандық тенор Тверьде өткен КСРО халық әртісі Сергей Лемешев атындағы V халықаралық жас опера әншілері байқауында ІІІ жүлдеге ие болған.

Нұрсұлтан Әнуарбек Үлкен театр сахнасында әйгілі дирижер Валерий Гергиевтің жетекшілігімен бірнеше рет өнер көрсеткен.

Швейцариядағы фестивальден кейін жас әнші Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасына қайта оралып, оқуын тағы бір жыл жалғастырады.

Бұған дейін «Астана Опера» көрерменге сүйікті фильмдердің әуендерін ұсынатынын жаздық.