Тәжікстанда Қазақстан медицинасының тәжірибесі таныстырылды

Тәжікстанда Қазақстан медицинасының тәжірибесі таныстырылды
Фото: ДСМ

Душанбе қаласында Тәжікстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында денсаулық сақтау, медициналық технологиялар және кадр даярлау мәселелеріне арналған форум өтті. Іс-шара барысында екі елдің медициналық ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында 6 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан – Тәжікстан: денсаулық сақтау, технологиялар және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық» форумына Қазақстан Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов, Тәжікстанның Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрі Джамолиддин Абдуллозода, медициналық және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесуде медициналық көмекті цифрландыру, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізу, жоғары технологиялық хирургия, ғылыми зерттеулер және медицина кадрларын даярлау мәселелері талқыланды.

Қазақстандық жетекші медициналық ұйымдардың мамандары Тәжікстанда кардиология, кардиохирургия, эндокринология, травматология, акушерия және гинекология бағыттары бойынша консультациялар мен шеберлік сабақтарын өткізді.

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі нәтижелер де таныстырылды. 2025 жылы елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке көтерілді. Нәрестелер өлімі 14%-дан астамға төмендеп, 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 5,85 жағдайды құрады.

Сондай-ақ соңғы жылдары елде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 813 медициналық нысан салынды, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысан пайдалануға берілді.

Қол қойылған меморандумдар медициналық технологияларды әзірлеу және енгізу, диагностика мен емдеуді цифрландыру, ғылыми зерттеулер жүргізу, мамандарды оқыту және озық тәжірибемен алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға негіз болады.

«Біз кәсіби байланыстардың тұрақты әріптестік жобаларға – бірлескен зерттеулерге, мамандарды оқытуға, технологияларды енгізуге және медициналық ұйымдар арасындағы тікелей өзара іс-қимылға ұласуына ұмтыламыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов.

Еске салсақ, бұған дейін Тәжікстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында қазақстандық дәрігерлердің Душанбеде заманауи емдеу әдістерін таныстырып жатқанын жазған едік.