Қазақстандық дәрігерлер Тәжікстанда заманауи емдеу әдістерін таныстырып жатыр
Тәжікстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды. Бірнеше күнге жоспарланған бағдарлама аясында қазақстандық дәрігерлер тәжікстандық әріптестерімен бірге операция жасап, пациенттерге консультация береді және заманауи емдеу әдістері бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан делегациясының құрамына кардиология, онкология, акушерия және гинекология, педиатрия, травматология және басқа да салалардағы жетекші мамандар мен медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді. Делегацияға Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов жетекшілік етуде.

Сапардың негізгі бөлігі дәрігерлердің тікелей практикалық жұмысына арналған. Мамандар пациенттерді қарап, клиникалық жағдайларды талдайды, операциялар мен шеберлік сабақтар өткізеді.
Душанбе қаласындағы Тәжікстан акушерия, гинекология және перинатология ғылыми-зерттеу институтында қазақстандық дәрігерлер акушерлік корпус жұмысымен танысты. Олар босандыру, акушерлік реанимация, босанғаннан кейінгі көмек және диагностикалық бөлімдердің жұмысын көрді.
Қазақстандық сарапшылар тәжікстандық әріптестеріне акушерлік қан кетулерді емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Сонымен қатар симуляциялық сабақтар өткізіліп, күрделі клиникалық жағдайларды практика жүзінде пысықтау жоспарланған.

Онкология бағытында қалқанша безінің қатерсіз түйінді түзілістерін емдеудің заманауи әдістері, соның ішінде радиожиілікті абляция бойынша семинар өтті. Қазақстандық маман Арман Ибраев тәжік дәрігерлерімен бірге пациенттерді қарап, аз инвазивті емдеуге қатысты консультациялар жүргізді.
Сапар барысында ЛОР-хирургия, балалар және ересектер травматологиясы, неонаталдық хирургия, балалар ауруларын бақылау және онкоурология бойынша да шеберлік сабақтар өткізу көзделген.
Қазақстан медицинасы күндерінің қорытындысы бойынша Душанбе қаласында Қазақстан мен Тәжікстанның денсаулық сақтау саласындағы мамандары қатысатын бірлескен форум өтеді. Онда екі елдің медициналық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланып, бірқатар меморандумға қол қою жоспарланған.

Бұдан бұрын 80 мыңнан астам шетелдік азамат ем алу үшін Қазақстанға келгенін жазған болатынбыз.