Жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Елімізде жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ішкі істер органдарының жұмысы «үй – мектеп – үй» бағытын, білім беру ұйымдарын, қоғамдық орындар мен интернет кеңістігін қамтиды.
«Оқу жылының басталуы көшелердегі балалар санының артуымен және мектептер маңындағы көлік қозғалысының қарқындылығымен қатар жүреді. Осыған байланысты 15-30 тамыз аралығында республика бойынша «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, түрлі оқиғаларға жол бермеу және балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Құралай Карина.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін полиция қызметкерлері мектептерге жақын аумақтарды, кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексереді. Сонымен қатар жол белгілерінің, қоршаулардың, жарықтандырудың және жол қауіпсіздігіне арналған басқа да техникалық құралдардың жағдайы қаралады.
Патрульдік полиция маршруттары мектептерге жақындатылады. Сабақ басталатын және аяқталатын уақытта патрульдеу күшейтіледі.
Бұдан бөлек, дабыл түймелері, бейнебақылау жүйелері, кіруді бақылау құралдары және басқа да қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеуіне ерекше назар аударылады. Қауіп төнген жағдайда, күдікті адам немесе күдікті зат анықталған кезде қалай әрекет ету керектігі де пысықталады.
Әр мектепке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері мен қызмет басшылары бекітілген.
Кәмелетке толмағандармен, әлеуметтік жағдайы қиын отбасылармен және профилактикалық есепте тұрған адамдармен жұмыс та күшейтілді.
Құралай Карина балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілігі маңызды екенін айтты.
Осыған байланысты полиция жүргізушілерді мектептер, жаяу жүргіншілер өткелдері және балалар көп жиналатын орындар маңында барынша сақ болуға шақырады.
«Бала жолдағы жағдайды дұрыс бағаламауы мүмкін. Сондықтан жүргізуші қауіптің алдын ала болжап, жол-көлік оқиғасына жол бермеу үшін барлық шараны қабылдауы керек, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Еске сала кетейік, биыл 380 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.