Биыл 380 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды
Биыл елімізде 4,1 млн бала мектепте білім алады. Оның ішінде 380 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылынан бастап білім беру бағдарламаларына жаңа міндетті курстар енгізіліп, оқу үдерісінде жасанды интеллект қолданыла бастайды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жаңа оқу жылында білім беру саласында бірқатар өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, оқу бағдарламаларына жаңа міндетті курстар қосылып, білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын пайдалану басталады. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады.
Биыл 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да жаңа тәсілдер енгізілуде. Қазір елімізде ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 1,1 млн ваучер берілген.
Колледждерге де мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғаяды. Биыл колледждерге мемлекеттік тапсырыс бойынша 133 мың студент қабылдау жоспарланып отыр. Оның 70%-ы техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға бөлінеді.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері барлық білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты сақталуы тиіс екенін атап өтті.
Ал Ішкі істер министрлігі оқушылардың қауіпсіздігін күшейту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қауіпсіздік шаралары «үй – мектеп – үй» бағытын, қоғамдық орындарды және интернет кеңістігін қамтиды.
Бұған дейін мектеп сөмкесін дұрыс таңдауға қатысты ата-аналарға 5 кеңес ұсынған болатынбыз.