Ел көлеміндегі «Таза жағалау» акциясына 36 мыңға жуық адам қатысты

Ел көлеміндегі «Таза жағалау» акциясына 36 мыңға жуық адам қатысты
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Іс-шара барысында 663 гектар жағалау аумағы тазартылып, 1,5 мың тоннаға жуық қалдық жиналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акцияға Үкімет өкілдері, студенттер, еріктілер және өңір тұрғындарын қоса алғанда, шамамен 36 мың адам қатысты.

Экологиялық іс-шара барысында өзендер мен су айдындарының жағалаулары қоқыстан тазартылды. Жалпы 1,5 мың тоннаға жуық қалдық жиналып, шығарылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 663 гектар жағалау аумағы тазартылып, оның ішінде 810,7 тонна тұрмыстық қалдық қайта өңдеуге жіберілді.

Министрліктің мәліметінше, акцияның негізгі мақсаты – су айдындары мен жағалау аумақтарының тазалығын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қоғамның қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назарын аударып, экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

«Таза жағалау» акциясы – «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жүйелі экологиялық жұмыстардың бір бөлігі. Мұндай іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады.

Бұған дейін Астанадағы Сарыбұлақ өзенінің жағалауы тазартылғанын жаздық