Астанада Сарыбұлақ өзенінің жағалауы тазартылды

Астанада Сарыбұлақ өзенінің жағалауы тазартылды
Фото: Elordainfo.kz

Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сарыбұлақ өзенінің жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке 30-ға жуық ерікті мен табиғат жанашырлары қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара «Мөлдір бұлақ» сенбілігі аясында ұйымдастырылып, оның негізгі мақсаты – өзен жағалауын қоқыстан тазарту, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Тазалық жұмыстарына Астана қаласы бойынша экология департаментінің өкілдері мен «Астана жастары» КММ еріктілері қатысты.

Астана қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әлімжан Жанбатырдың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар қалада тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

«Арнайы «Мөлдір бұлақ» деген сенбілік өткізілді. Соның аясында Сарыбұлақ өзенінің маңайы тазартылды. Бұған 30-ға жуық волонтер және басқа да табиғат жанашырлары атсалысты. Мұндай тазалық акциялары жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл экологиялық іс-шараның түпкі мәні – қоғамдық тазалықты сақтап, табиғатқа ұқыпты қарап, тазалық мәдениетін дамыту», – деді Әлімжан Жанбатыр. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада Есіл жағалауында профилактикалық рейд өткен болатын.