Елдос Тоқтарбай: Алашты қасіреттің призмасынан емес, жасампаздықтың биігінен көрсетуіміз керек
Жазушы Елдос Тоқтарбай Президенттің «Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек» деген тұжырымын қолдап, өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол «Алаш әліппесі» атты кітабында «Ұлттық сананы дұрыс қалыптастыру керек» деген тақырыпта жазғанын әрі осында айтылған жайттар Президент көтерген мәселелермен үндесетінін айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында «Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғысы жастық шаққа, жастарға жараспайды.
Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек», - деген болатын.
Мен де жазушы ретінде қоғамдық өмірімізден мынаны жиі байқаймын. Алаш арыстары туралы сөз болғанда біз көбіне олардың түрмедегі суреттерін, азап пен қорлықтан қажыған кейіптерін жариялап, көпке көрсетеді екенбіз.
Әрине, бұл – тарихи шындық. Оны ешкімнен жасыруға болмайды. Бірақ сол шындықты ұлт санасына қайта-қайта бір ғана қырынан тықпалай беру де дұрыс емес. Мұны мен травмалық контент деп ұғамын», - деп жазды ол.
Әрі қарай бүгінгі қазақ баласы Әлиханның суретін көрсе – түрмеде отырған адамды, Ахметті көрсе – тергеуге түскен тұтқынды елестететін жағдайға жеткеніне оқырман назарын аударды. Оның пікірінше, шын мәнінде, олар, ең алдымен, осы мемлекеттің жобасын жасап, негізін қалаған тұлғалар, ұлттық интеллектуалдық элитасы болатын. Ал сталиндік репрессия олардың өмірінің соңғы кезең ғана.
«Қазақ баласының санасына кімнің қалай өлгені емес, қалай өмір сүргені, ұлты үшін не істегені әчсер етуі тиіс. Сондықтан Алаш қайраткерлерін таныстырғанда олардың түрмедегі фотоларынан бұрын халық алдында сөйлеп тұрған сәтін, кітап жазып отырған кезін, газет шығарып отырған шағын, ұлттық мемлекет құру жолындағы күресін көрсету маңызды.
Өйткені ұлттың болашағын тағдыр қасіреті емес, озық үлгісі тәрбиелейді.
Алаштың мұрасы – өміршең идея. Алаштың бейнесі – ұлттық иммунитетіңді күшейтетін рухани вакцина. Алаштың бейнесі – ұлтты оятқан рух.
Біз енді Алашты қасіреттің прихзмасынан емес, жасампаздықтың биігінен көрсетуге көшуіміз керек! Сонда ғана келер ұрпақ Алаш боздақтарын аяп емес, Алаш Алаш тұлғаларына ұқсағысы келіп өседі», - деп ойын түйді аталған кітабында жазушы.