Демографиялық саясат декларация емес, нақты тетіктерге сүйенуі керек – Сәуле Дюсупова

Демографиялық саясат декларация емес, нақты тетіктерге сүйенуі керек – Сәуле Дюсупова
Фото: Сәуле Дюсупованың жеке мұрағатынан

Демограф, Ph.D, Қазақстандық қоғамдық даму институтының ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сәуле Дюсупова Президенттің Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында заң сапасы мен популизмнен бас тарту туралы айтқан пікірлеріне тоқталды. Сарапшы әлеуметтік және демографиялық саясатта нақты экономикалық әрі құқықтық тетіктердің болуы маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz

«Президенттің заңдардың сапасына және популизмнен бас тартуға жасаған акценті әлеуметтік сала үшін аса өзекті. Бұған дейін көптеген демографиялық бастамалар декларативті сипатта қалып қойды: заңда белгілі бір норма бар, бірақ азамат пен бизнес үшін оны жүзеге асыратын нақты механизм немесе ынталандыру қарастырылмаған. Соның бір мысалы – еңбекке қабілетті жастағы ер адамдардың профилактикалық скринингтермен қамтылуының төмендігі. Мұның салдарынан ел адами капиталдың бір бөлігін жоғалтып, 40 жастан асқан азаматтар арасындағы өлім-жітімнің жоғары деңгейімен бетпе-бет келеді.

Сондықтан жаңа Құрылтайдың алдында декларативті нормалар емес, халықтың денсаулығын сақтауға, адами капиталды дамытуға және отбасын қолдауға бағытталған нақты экономикалық әрі құқықтық ынталандыру тетіктерін қалыптастыру міндеті тұр», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, әлеуметтік саясаттың тиімділігі қабылданған заңдардың санымен емес, олардың азаматтардың күнделікті өміріне нақты әсерімен өлшенуі тиіс.

«Демографиялық саясат тек белгілі бір көрсеткіштерді бақылаумен шектелмеуі керек. Оның негізінде адамның денсаулығын сақтау, отбасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, балалардың дамуына жағдай жасау және еңбекке қабілетті халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған нақты механизмдер болуы қажет. Бұл ретте мемлекет пен бизнестің, сондай-ақ азаматтардың өзара жауапкершілігін күшейтетін экономикалық ынталандырулар маңызды рөл атқарады. Заңдағы норма нақты әрекетке айналған кезде ғана оның әлеуметтік әсері байқалады», – деді ол.

Демограф Қазақстанның халық саны мен адами капиталы тұрғысынан айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті. Алайда бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін шешімдерді алдын ала қабылдау қажет.

«Қазақстан қуатты демографиялық ресурсқа ие. Алайда бұл мүмкіндіктер кезеңі тез әрі сонымен қатар байыпты шешімдерді талап етеді. Жаңартылған Құрылтайдан күтетін негізгі нәтиже – болашақтағы проблемаларды алдын ала болжап, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін сапалы заңнаманы қалыптастыру. Жаңа ұрпаққа біз мықты іргетас қалдыруымыз керек. Оның негізінде жасампаз құндылықтар, әлеуметтік кепілдіктер және адамның толыққанды дамуына қажетті барлық жағдай болуы тиіс», – деп түйіндеді демограф.

Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында көтерген мәселелеріне қатысты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аға оқытушысы Жанат Момынқұлов та пікір білдірген болатын.